Қарағанды облысында дүлей дауылдан екі бала жарақат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында дүлей дауылдан екі бала жарақат алды

19.06.2023

Қарағандыда қатты жел тұрып, үй ауласындағы жасанды көгал жамылғысын көтеріп кетуі салдарынан жарақат алған балалардың бірінің жағдайы ауыр. 2015 жылғы балақайдың бас және бет сүйектері сынған. Тіпті, бас сүйегі сынығы айтарлықтай ішке кіріп кеткен. Басқа да дене мүшелері жарақаттанған. Оған шұғыл ота жасалды. Ал 2014 жылғы екінші баланың миы шайқалып, бел тұсынан жарақат алған. Қазір ол да ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Әуелде, алаң үстінде үш бала ойнап отырған. Біреуі дер кезінде кетіп қалады. Ал екеуін дүлей дауыл бірнеше метрге лақтырып жіберген.

Роза Әшірбекова, қала тұрғыны:

Жел, дауыл болып жатыр, балалар тегін батут деп үстінен секіріп жатыр. Мердігерге жібердім мынаны айттым қолпылдап жатыр деп. Ол кісіден «кетті ғой адамдар» деген жауап келді ватсаптан. Ее жарайды деп енді шай ішіп тұрғанымша уже көршілерім жазып жатыр газон көтеріліп балаларды лақтырды деп.

Көгілдір тоған ықшам ауданындағы бұл жасанды көгалды мердігерлер бір апта бұрын ғана орнатып бастаған. Жұмыс әлі аяқталмапты, сондықтан жиегін ағашпен уақытша бекіте салған. Қатты жел бүгін сондай-ақ бірнеше ағашты сындырып, қаладағы оқу орнының бірінің шатырын ұшырып әкетті.

Досбол Күлекеев, Әлихан Бокейхан ауданының әкімі:

Мердігерлер жасанды көгалға спорт құрылғыларын орнататын болған соң жиегін бекітпеген. Жоспар бойынша жұмыс екінші жартыжылдықта аяқталып, тапсырылуы тиіс еді. Ал неліктен ол жерде қауіпсіздік шаралары ескерілмеді, арнайы белгі қойылып, таспа тартылмады. Оны құзырлы органдар тексеретін болады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу