Мәжіліс «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару» туралы Заң жобасын Сенатқа жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару» туралы Заң жобасын Сенатқа жіберді

18.06.2023

Осы аптада Мәжіліс «заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Заң жобасы Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген. Оған сәйкес, заңсыз активтерді іздеу және қайтару жұмыстарымен Бас прокуратура жанынан құрылған уәкілетті орган айналысады. Олар алдымен заңсыз активі бар болуы мүмкін адамдардың тізімін құпия түрде жасақтайды. Ал оған иелігінде 100 млрд АҚШ долларынан астам капиталы бар адамдар енеді. Күдіктілер бір жыл бойы арнайы тексерістен өтіп, күмәнді активтерінің заңды екенін дәлелдеуі қажет. Қаражатты өз еркімен қайтаруға да болады. Бір қызығы, олар жауапқа тартылмайды. 7 тарау, 36 баптан тұратын заңның дәл осы тұсын қоғам белсенділері қатты сынап келді. Ал Мәжілісте қаралған заң жобасына дауыс беру кезінде жалғыз Ермұрат Бәпи қалыс қалыпты. Оның бұл құжатқа қатысты ұсынысы болған. Алайда Парламенттегі регламентке сай өзгертулер мен толықтырулар енгізуге үлгермепті. Енді депутат мемлекеттік маңызы бар құжатты Парламент каникулдан келгеннен кейін қайта талқыға саламын деп бекініп отыр. Дегенмен, Ермұрат Бәпи ел байлығын жымқырғандар ақшаны қалай қайтарса да, жауапсыз қалмайды, дейді.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өз еркімен активтерді қайтару деген негізі қиял-ғажайып ертегісі. Өйткені, біздің әбден сіңіп алған, әбден азуланып алған жемқорлар өз еркімен әкеткен миллиардтарын қайтармайды. Әрине, көз қылу үшін, алдарқату үшін сол активтерден бір шағын мөлшерін қайтаруы мүмкін. Бірақ, біз заңға әдейі бір бап кіргіздік. Егер сол адам өз еркімен қайтарған олигарх бола ма, кім болады, оның тағы да бір активтері табылып жататын болса, оған байланысты бөлек, жеке іс қозғау жөнінде. Қоғамды, мемлекетті алдарқату жүзеге аспайды бұл жерде.

Бұл аптада Мәжіліс онлайн-платформа туралы заң жобасын да мақұлдап, Сенатқа жолдады. Құжат күшіне енсе, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқандарға 69 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер күмәнді видео не жазбаны блогер жарияласа одан екі есе, яғни 140 мың теңге айыппұл төлейді. Сондай-ақ, платформнаы кәсіпке айналдырып, жарнама жасағандар салық төлеуге міндеттеледі. Әрі жарнама екенін айғақтайтын арнайы таңба қоюы шарт. 

Хабарламаларға жазылу