Елімізде 100 мыңға жуық жалғызбасты әке бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 100 мыңға жуық жалғызбасты әке бар

17.06.2023

Ертең әкелер күні. Бұл датаны атап өту бүгінде дәстүрге айналып келеді. Бүгінде балаларын жалғыз бағып отырған әкелер аз емес. Мамандардың дерегінше, шамамен 100 мыңға жуық жалғызбасты әке бар. Қоғамда аналар мәселесі басты назардан болғандықтан, әкелердің жанайқайы жабық күйде қалып қояды, дейді.

Азамат Омаров осыдан екі жарым жыл бұрын өмірлік жолдасынан айырылған. Бүкіл әлемді шарпыған коронавирус оның да келіншегін айналып өтпепті. Қазір бес бірдей баланы жалғыз өзі бағып-қағып отыр. Екінші рет үйленейін десе, жаңа жары перзенттерін өз баласындай бауырына баса алмай ма деп қорқады.

Азамат Омаров, жалғызбасты әке:

Балалар анасын сағынады, іздейді. Өйткені анасының орны бөлек ғой. Мамасының орнын басу үшін бәрін жасап жатырмын. Екі үш сағат жұмыс істеп, қалған кездері балалардың қасында боламын.

Азамат осыған дейін отбасымен жалдамалы пәтерде тұрып келген. Былтыр халық жиналып, мына екі қабатты үйді сыйға тартқан. Енді баспана мәселесіне алаңдамайтын ол, балаларына барынша көңіл бөліп, осы жылы түрлі үйірмелерге беруді жоспарлап отыр. Ол пезенттерінің өмірде өз орнын тапқанын қалайды. Кейіпкерімізге қарап әке асқар тау, отбасының тірегі деген сөздің бекер айтылмағына көзің жетеді. Олар бауыр еті баласы үшін жанын қиюға да әзір тұрады.

Сөзімізге айқын дәлел семейлік Тілеубек Жұмакәрімов. Оның перзенті «бауыр церриозы» сырқатымен туған. Дәрігерлер болса тез арада шақалақтың маңызды органын алмастыру керектігін айтқан. Көп ойланбаған әке баласына өзінің бауырын беруді ұйғарады. Қазақстандық және жапониялық дәрігерлер бірігіп отаны сәтті жасап, баланы аман алып қалыпты.

Тілеубек Жұмакәрімов, Семей қаласының тұрғыны:

Пересадка болмаса бала әрі қарай өмір сүруін тоқтады, деді. Донор табу керек болды, мен боламын дедім. Қазір жағдайы жақсы. Ойнап, күліп, сөйлей бастады. Еңбектей бастады.

Баланың жасы қазір бірден асқан. Дені сау болса да күні-түні дәрігерлердің бақылауында екен. Ең бастысы, қатарластары сияқты қиындықсыз жүріп-тұруға мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары қоғамдағы, жалпы отбасыдағы әкенің рөлі тиісінше бағалана бастағандай. Тіпті олардың төл мерекесі пайда болды. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде балаларына әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған 100 мыңға жуық жалғызбасты әке бар. Олардың әрқайсысы мадақтау мен мақтауға лайық.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу