Жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдары ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдары ұсынылды

17.06.2023

Президент жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтің мәлімдемелеріне қатысты осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, елде қазір саясат, экономика және идеология секілді үш бағытта үйлесімді реформа жүргізіліп жатыр.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесші:

Біріншіден, Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуды, халқымыздың бірегейлігін нығайтуды идеологиялық жұмыстың басты басымдықтары ретінде айқындап берді.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап Тәуелсіздік мұраттары және патриотизм, еңбек пен білім культі, құқық пен тәртіп, адамгершілік пен жауапкершілік секілді құндылықтарды мақсатты түрде алға тартып келеді. Енді Президент бұл құндылықтарды «Әділетті Қазақстан – Берекелі қоғам – Адал азамат» атты бірыңғай тұжырымдамаға біріктіріп отыр.

Қоғамның жаңа әдебін қалыптастыру бағытындағы жұмыс өте ауқымды. Оны жүзеге асыруға мемлекет те, тұтас қоғам да, еліміздің әрбір азаматы да жауапкершілікпен қарауы қажет.

Үшіншіден, Мемлекет басшысы білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша нақты жобалар ұсынды. Ал бұл – еліміздің идеологиялық бағытын дамытудың нақты бағдарламасы.

Сонымен қатар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі бастамаларды тез арада іске асыру мүмкін емес. Осылайша, Президент ел дамуының ұзақ мерзімді күн тәртібін белгілеп берді.

Төртіншіден, аталған бастаманың жұртшылыққа ұсынылған уақытын да ерекше атап өткен жөн. Біз қазір саяси реформалардың басым бөлігін жүзеге асыруды аяқтап, экономикада үлкен өзгерістерді бастайтын сәтте тұрмыз. Сондықтан Президенттің қоғамдық құндылықтарды нығайту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу