Идеология - ұлттың ұстыны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Идеология - ұлттың ұстыны

17.06.2023

Смартфон кітаптың орнын алмастырмауы қажет. Сондықтан балалардың рухани дамуына барынша жағдай жасаған жөн. Бүгінгі өткен құрылтайда мәдениет пен өнер, идеологияға қатысты көптеген келелі ойлар айтылды. Сондай-ақ халықтың рухани байлағымен қоса құқықтық сауаттылығын арттыру да қоғамдағы маңызды мәселе болып отыр.

Елімізде заң жиі өзгереді. Сондықтан халық оны дер кезінде біліп, танысып үлгермейді. Бұл азаматтарды қаржылық пирамиданың арбауына түсіріп, буллингке ұрындырады. Құрылтайда айтылған негізі мәселелердің бірі – осы. Ендігі міндет заң үстемдігін орнату. Бастысы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы мақсатта халықты құқықтық ағарту ұлттық бағдарламасының жобасы әзірленді. Енді Парламент қарауына ұсынылмақ.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Халықты құқықтық оқытудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесін құру және оны түсіндіру жұмысына құзыретті мамандарды, отставкадағы судьяларды, ғалымдарды, адвокаттар мен заң консультанттарын тарту қажет деп санаймын. Егер біз шынында да жаңа Қазақстан құрамыз десек бар мәселені құқықтық ағарту жұмысына салуымыз керек деп санаймын.

Ал идеологиядағы ақсап жатқан істің бірі – кітап басып шығару. Әдеби шығармалардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Оның салдарының ауыр болатын айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Президент «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасау міндеттелді. Бұл тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы қажет.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Сол үшін еліміздегі тәуелсіз кітап индустриясын субсидиялауға ден қойып, отандық баспаларға қолдау қажет. Олардың жұмысын тиімді дамыту жолында мемлекет тарапынан жалпы салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, жеңілдетілген кредиттер қарастыру, оны арнайы заңмен бекітуге біз Мәжіліс депутаттары дайынбыз.

Кино да идеология. Бүгінгі таңда елімізде бұл жанрдағы көрсетіліп жатқан дүниелердің 90 пайызы қазақ тілінде жасалған. Әттеңайы дені комерциялық. және комедия. Ал «Қазақфильмнің» туындылары кинотеатрларда көрсетілмейді. Сондықтан аймақтарда кинотеатрлар салынуы керек.

Азамат Сатыбалды Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Коммерциялық бағыттағы киноларды жекеменшік кинотеатрлар көрсете берсін. Біз мемлекеттің тарапынан неге әр облысқа кинотеатрлар салмаймыз. Егер мемлекеттік субсиядиясында әрбір аудандағы мәдениет үйлерінен кинотетарлар ашатын болсақ бізде қазір анимация өте жақсы дамып бара жатыр. Бір жылдың ішінде қаншама анимациялық фильмдер түсірілді. Соның барлығын біз балаларға көрсете алатын ек.

Енді елімізде үздік еңбек адамы мемлекеттік деңгейде ұлықталатын болды. Бұл қоғамда еңбек мәдениетін орнықтыруға жол ашады. Яғни адамның қандай лауазымда жұмыс істеп жүргені маңызды емес, оны қалай атқарып жатқаны мақтауға ие болуы керек. Сонда ғана әрбір адам өз ісін тиянақты орындауға барын салады. Жауапкершілікпен қарайды.

Әлихан Бәйменов, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Менің ұсынысым Қазақстанның Еңбек ерін сол күні беру керек. Сол күні марапатталуы керек. Және сол күні мектептерде, оқу орындарында, түрлі қоғамдық ұйымдарда өз еңбегімен халықтың ардақтысына айналған, солардың үлгісінде жастарды тәрбиелейтін семинар, кездесулер өтуі керек.

Бүгінгі құрылтайда ел қамы, ұлт болашағы төңірегінде 50-ге тарта ұсыныс айтылды. Онан бөлек, онлайн платформаның көмегімен халықтың 424 талап-тілегі жинақталды. Енді оларды мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру мақсатында арнайы жоспар әзірленетін болады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу