Жамбыл облысында бірнеше ауыл ағын сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында бірнеше ауыл ағын сусыз отыр

16.06.2023

«Егініміз қурап, еңбегіміз далаға кететін болды». Осылай деген Жамбылдағы төрт бірдей ауыл үш айдан бері ағын сусыз отыр. Олардың қатарында Ақжар, Көкөзек, Түймекент және Суқанбай ауылы бар. Даурыққан дихандар «суды көрші ауданға көп жіберіп, Байзаққа бермей отыр» деп «ҚазСуШар» мекемесін кінәлайды.

Байзақ ауданындағы бірнеше ауылдың күні Сәмбет су арнасына қарап отыр. Арықтан тамшы тамбағалы 90 күнге таяған. Әсіресе алыста жатқан Ақжар ауылындағы 3 мың гектарға жуық алқап кеуіп кеткен. Дихандар су жіберуші мекеме Жамбыл ауданына жеткілікті бөліп, Байзаққа келгенде бермей отыр дейді.

Ахмет Құрышбай, ауыл тұрғыны:

Турасын айтқанда алалау. Көрші ауылдардың бәрінде су бар. Жағдайлары болып жатыр. Анау жерде егіншілікпен айналысып жатқан адамдардың бәріне қиянат.

Райымбек ақсақал 35 гектар алқапқа жүгерінің жоғары сортын еккен. Қарт дихан жылда 50-60 млн теңге табыс табатын. Бірақ биылғы жоспар су тапшы болғандықтан орындалмайтын түрі бар.

Райымбек Рүстембеков, дихан:

Ей бұл масқара емес, тас машқара мынау шыны керек. Е мынау халық осыншама ақша жұмсап, бір қасық су бермейді мынау су мекемесі. +5 млн-дай ақша шықты. Айдатуы бар, малалауы бар.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бір қарағанда жүгері алқабы жайқалып тұр. Бірақ бәкене бойлы. Бұл уақытта бойының биіктігі кеудеден келуге тиіс. Алайда алқап арықтары қаңсып қалған. Дихандар енді бір аптада су келіп үлгермесе егістік басындағы еңбегіміз еш кетеді деп қорқады.

Ал «Қазсушар» мекемесі қолдан құрғақшылық жасамадық дейді. Ағын су айырқалпақты елден өте аз көлемде келіп жатқанын айтады. Тау мұздықтары түнгі уақытта ерімегендіктен қырғыздың қоймасы ернеуіне жетпей тұр. Сондықтан көршілер етектегі елге аз мөлшерде ғана су босатады. Сондықтан су таратушы мекеме аудандарға кезекпен су беруге көшкен. Енді ертең байзақтық дихандарға 15 күнге ғана ағын суды жықпақ.

Ерлан Өтегенов, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры:

Киров су қоймасына судың түсіп жатқан көлемі 1,5 куб. Былтыр бұл көрсеткіш 55 куб болатын. Жалпы сәуір айынан бүгінгі күнге дейін су қоймаға 140 млн куб су түскен жоқ. +Бүгінде қырғыздардың өзіне су жетпей жатыр, жағдай қиын болып жатыр.

Былтыр Киров су қоймасында 400 млн текше метр су жатса, биыл оның жартысы ғана жиналған. Сондықтан екі ел тау мұздығының еріген тілеп отыр. Ал Қырғыз тарапы су беруді толық тоқтатқан жағдайда, «Талас су» торабындағы 32 текше метр су тек тамыз айына ғана жеткілікті.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу