Еліміздің солтүстігінде студенттік еңбек жасағы қайта жандана бастады. Негізгі мақсат - білікті маман даярлау. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығының тәжірибелік станциясында Қазақ аграротехникалық зерттеу университеттің студенттері іс-тәжірибеден өтуде.
Саят Айдарбек – 2 курс студенті. Мамандығы – агроинженер. Ол биыл алғаш рет трактор тізгіндеп, егіс алқаптарында жұмыс істеп жүр.
Саят Айдарбек, студент:
Механизатордың қасына отырғызған, бірінші күні. Егінішілікпен айналысамыз. Жерді көреміз. Тереңдігін бәрін өз қолымызбен көріп, ұстап көріп, оны бізге айтып, көмектесіп отырады.
Жаздың бір күні қыстың жүз күніне азық. Сондықтан егіс алқаптарында жұмыс қызу. Шаруалардың айтуынша студенттер айтарлықтай қолқабыс етіп жүр.
Жанат Есенов, тракторшы:
Балалар бәрін біледі, ауылдан шыққан. Жырту бәрі қиын. Көмектесіп жатыр. Жөндеу жасап жатыр.
Ауыл шаруашылық тәжірибелік станциясы элиталы тұқым өндірісімен айналысады. Мекемеде ғылыми қызметкер, инженер, агроном сынды тағы да басқа маман тапшы.
Виталий Заика, Тәжірибелік станция директорының м.а:
Университетпен екіжақты келісім жасалды. Оған сәйкес студенттер тәжірибеден өте алады. Арнайы жұмыс жоспары бекітілді. Жастар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бізге жұмысқа келіп, көтермеақы ала алады.
Жаз бойы 100-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Ең үздіктері дипломға ие болғаннан кейін жұмыспен қамтылады.
Эльмира Кәленова