Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғындары қыс түссе болды пәтерлерін жылыта алмай бүрсең қағып шығатын. Өзекті мәселе жылдар бойы шешімін таппай келген еді. Себебі қалаға жылу беретін энерго орталықтағы қазандықтар әбден тозығы жетіп істен шыққан. Мәселе жыл өткен сайын күрделене түскен соң орталықтың жөндеу жұмыстарына биыл үкіметтік деңгейде қомақты қаражат бөлінді. Бұл Кентау қаласындағы екі жыл бұрынғы көрініс. Қаңтар айында құбырлар жарылып, жұрт аязды күні жылусыз қалған болатын. Ал мынау өткен қыстағы жағдай. Қақаған қыста жылусыз қалдық деген кентаулықтардың пәтері жылымай бүрсең қағып қалған еді. Халықтың жыл сайын қыс ауасында жылусыз қалуына қаладағы энерго орталықтың әбден көнергені себеп болған. Алғашқы жұмысын өткен ғасырдың отызыншы жылдары бастаған орталық әлі күнге дейін талапқа сай күрделі жөндеу көрмепті.
Мұхтар Мухитдинов, цех басшысы:
Алды 1951-ші жылдан бастап қойылған қазандықтар. Соңғысы 1958-59-ші жылдары қойылған. Екеуі кешегі Кеңес үкіметінің кезінен қосылмай қалды да, оның жұмысы әлі қосылған жоқ. Енді мынау қазіргі қаланың өсуіне байланысты тұтынушылардың көбеюіне байланысты ол қазандықтар бізге керек.
Сала мамандарының айтуынша, жылу қазандықтары әр бес жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп тұруы керек. Ал мұнда құрылғылар ескіріп, жөндеуге келмей қалған. Қыста құбырлар қатып, жарамсыз күй кешкен.
Бақытжан Орынбасаров, «Кентау сервис» ЖЭО директорының міндетін атқарушы:
151 күн жылу маусымы. Сонда 71 мәрте қазанықтар тоқталуы себептері болды. Біресе құбыр жарылады, біресе қосалқы заттар істен шығып кетеді. Бір қазандықтың өндіретін жылуы 21 гигакалория болатын болса, біз 15-16 гигакалория ғана өндіре алдық. Өйткені оны толық жүктемеде жұмыс істете алмадық.
Үкіметтен биыл орталықтың күрделі жөндеу жұмыстарына 13 млрд 700 млн теңге бөлінді. Атқарылатын жұмыстардың ауқымдылығы мен қаражаттың қомақтылығына байланысты жұмыстар екі кезең бойынша атқарылатын болды.
Қуаныш Ысқақов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
Бірінші кезеңде ол 6,6 магистральді жылу құбырларын ауыстыру. Ол қаладағы ең тозығы жеткен жерлерде. Екіншісі, ол жаңағыдай жылуэнерго орталығын қайта құру. Ол жұмыстарға біз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, дайындап қаржыландыруға ұсындық. Қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталады.
Жылу орталығы қайта жаңартылып төрт қазандық күрделі жөндеуден өтеді. 4 су айдайтын станцияның қуаттылығы күшейтіледі. Қазір бұл жұмыстарды атқаруы тиіс мердігер анықталып жатыр.
Айнұр Әбілқасымқызы