Астанада Covid-ке ұқсас энтеровирус өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Covid-ке ұқсас энтеровирус өршіп барады

15.06.2023

Астанада Covid-ке ұқсас энтеровирус өршіп барады. Іші өтіп, дене қызуы көтерілгендер саны күрт өскен. Бір емханаға бір тәулікте дәл осындай белгілері бар кемі 5 адам келеді. Санитар мамандар мұны шомылу маусымының басталуымен байланыстырып отыр. Вирус лас бассейн, су қоймалары мен су бұрқақтар арқылы тез тарайды. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидекті және өзге де тұрмыстық заттарды лас қолмен ұстау арқылы жұғуы мүмкін. 3-ші көпбейінді балалар ауруханасына жыл басынан бері 800-ге жуық адам осындай сырқатпен емделген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Дені - балалар. Дәрігерлер ауру белгілері анықталған бойда медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Роза Өтегенова, қалалық №3 Көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

Қатты ауырған жағдайда баланың қатты басы ауырып, көп құстыра беріп, минингитке әкеп соқтыруы мүмкін. Уақытымен емделмесе оның белгілі бір белгілері қалып қоюы мүмкін. Орталық нерв жүйесі болғандықтан, инвалидизация болуы немесе ұзақ уақыт бойы балада неврологиялық белгілері сақталуы мүмкін.

Мұнан бөлек, балалар арасында қызылша ауруы да көбейді. Биыл 48 сәби ауырған. Олардың ата-анасы індетке қарсы екпе салдырудан бас тартқан екен. Соның кесірінен балалар өз денсаулығына ғана емес, өзге адамдарға қауіп төндірген. Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті мамандарының сөзінше, екі балабақшада қызылшамен жаппай ауырған топтар тіркеліпті.



Хабарламаларға жазылу