Түркістан облысында кәсіпкерлерді заңсыз тексеру әлі күнге тиылмай тұр. Жыл басынан бері облыстық прокуратура осындай жеті фактіні анықтаған. Салық органдары мен төтенше жағдай, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен полиция қызметкерлері толтырған 100-ден астам әкімшілік хаттаманың күші жойылды. Жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік кірістер басқармасындағы 42 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. 4 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған. Прокуратура өкілдерімен болған кездесуде диқандар өткен жылы өткізген мақтаның ақшасын зауыт қожайындары төлемей отырғанын да жеткізді.
Болат Жұмағалиев, облыстық прокуратура басқарма бастығы:
Сенім телефондарына 64 қоңырау түссе, соның әрбір бесіншісі өзінің уәждерін тауып жатыр. Солар бойынша біз шара қолданып жатырмыз. Заңбұзушылықтар болып жатса, кейбір жерде заңның шеңберінде көрсетілетін үлес болса көмектесеміз. Заңды шара қабылдаймыз.
Айнұр Әбілқасымқызы