«Парыз» телехикаясының түсірілімі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Парыз» телехикаясының түсірілімі басталды

14.06.2023

Қазақ телевизиясының даму жолын қаз-қалпында насихаттайтын тарихи сериалдың түсірілімі басталды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қолға алған ауқымды жоба Қазақ телевизиясының 65 жылдығына арналған. Тарихи телехикая 6 бөлімнен тұрады. Туындыда 1980-1990 жылдардағы қазақ арнасының өркендеу кезеңінде еңбек еткен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы көрсетіледі. Олардың ұлт мәдениетіне сіңірген еңбегі баяндалады. Көгілдір экран арқылы көрерменмен алғаш қауышып, тек ақпарат жеткізіп қана қоймай ұлттық руханиятымызды, қазақы болмысымызды көрсеткен жандар дәріптеледі. Парасатты ұрпақтың дамуына жол ашатын туынды «Парыз» деп аталады. Сериалдың режиссері – Айдын Сахаман, сценарисі – Қанат Рамазан, продюсері Назгүл Қарабалина.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

Мақсатымыз - қазақ телевизиясына бір кезеңде жұмыла қызмет еткен тұлғалардың еңбегі арқылы бүгінгі буын журналистерге ұлтқа, елге қызмет етудің үлгісін көрсету. Отандық сериалдар тарихында алғаш рет 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі әріптестеріміздің ерлігі көрсетіледі. Сол қиын сәттердегі тарихи шындықты жеткізу – біз үшін зор жауапкершілік.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл тарихи бағытта бұдан бөлек өзге де туындыларды қолға алды. 1930 жылдардағы ұлт зиялылары, қазақ даласындағы алғашқы жоғары оқу орындары және мәдениет ошақтарының ашылуын көрсететін «Ерте көктем» тарихи сериалы мен «Қорқыт ата» тарихи биографиялық телехикаясын көрерменге ұсынады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу