Семей орманынан кейін аумағы жағынан ең үлкен «Ертіс орманы» резерваты қатаң бақылауға алынды. Себебі, өрт қаупі өте жоғары. Сондықтан Павлодар облысындағы орман алқаптарына күзет қойылды.
Болат Аманбаев, тілші:
Өңірдегі Баянауыл ұлттық паркі мен Ертіс орманы резерватын мамандар қазір күн-күн демей қырағы бақылауға алған. Сондай ақ Шарбақты, Павлодар, Тереңкөл аудандарындағы орман шаруашылықтары да күшейтілген режимге көшті. Өңірдегі жасыл желектің аумағы 127 мың гектардан асады, оның 90 пайызы орман. Бұл аумақты қадағалау 225 орманшының жауапкершілігінде. Жауптылар маман да техника да жеткілікті деп сендіреді. Өкінішке орай, орманда тұтанған өртті дер кезінде анықтайтын құрылғы әзір жоқ.
Руслан Төлепбаев, Орман және жануарлар әлемін қорғау аумақтық инспекциясының басшысы:
Әр орманшылықтарда мұнаралар орнатылған. Сол мұнараларда бақылаушы дүрбі арқылы бақылап отырады. Өрт шыққан кезде ол рациямен диспетчерлік пунктке хабар береді. Биылғы жылы Республикалық бюджеттен 2,5 млн теңге бөліп отыр. Бұл қаражатқа Ертіс орманы резерватында ормандағы өртті ерте анықтау жүйелерін орнату үшін бөлініп отырған қаражат.
Болат Аманбаев, тілші:
Жуырда орман шаруашылықтары автономды бейнебақылау бекеттерін орнатпақ. Сондай ақ өртті сөндіру үшін орманға жақын жерлерден әлі сукөздері анықталады. Бұдан өзге, өңірдегі ірі кәсіпорындарға орман өрті тұтанған жағдайды электр желісі, газ және су құбырлары өтетін аумақтарды қорғауға ерекеше мән беру қажеттігі ескертілді.