АҚШ тарихында алғаш рет президент сотқа тартылып жатыр. Бүгін Дональд Трампқа қатысты сот процесі басталды. Прокурорлар оны құпия құжаттарды жасырды және жария етті деп айыптап, 37 қылмыстық іс қозғаған. Алайда Майами сотына барған экс-президент өзін «кінәсізбін» деп мәлімдеді.
Соңғы екі ай ішінде Трамп екінші рет сотқа тартылып жатыр. Біріншісі салықтан жалтару ісіне қатысты болса, бұл жолғысы одан да ауыр, ұлттық қауіпсіздікпен байланысты қылмыстық істер. Сот ғимаратына кірген бойдан экс-президент қамауға алынып, жанына күзет қойылды. Бұл айыптау актісін жариялау алдындағы формалды процедура. Сондықтан Трамтың қолына кісен салынбады. Экс-президент екі сот отырысына 2 қорғаушысымен ғана келді. Себебі оған федералдық деңгейде айып таққан соң үш адвокаты Трамппен жұмыc істеуден бас тартқан. Ал судья сот процесін фото және видеоға түсіруге және тікелей хабар таратуға тыйым салды.
Джеймс Сэмпл, Конституциялық құқық профессоры:
Менің ойымша, бұл сот заң үстемдігінің дәлелі. Әрбір адам әрекетіне жауап беруі тиіс. Десе де егер қарапайым азамат осы айыптау актісінде айтылған қылмыстарды жасаған болса «бостандық» дегенді мүлдем ұмытар еді. Ал бұл жерде іс Дональд Трампқа қатысты болған соң, Әділет департаменті аса сақтық танытып жатыр.
Айтса айтқандай Трамп сот залында 45 минут қана болған. Әрі ешқандай шартсыз сот залынан босатылды. Қайда барамын десе де шектеу жоқ, ақшалай кепіл қою туралы талап та жасалмады. Тек осы іске қатысты куәгерлермен, оның ішінде өзінің көмекшісі де бар, қарым-қатынас жасауға тиым салынды. Ал 46 беттен тұратын тергеу актісі бойынша «саясаткер құпия құжаттарды қасақана жасырды және оны құқы жоқ адамдарға көрсетті, тергеу ісіне кедергі жасады және ант беріп тұрып, жалған сөйледі» деп айыпталып отыр. Енді 45-ші президенттің тағдырын он екі адамнан тұратын алқабилер тобы шешеді. Бірақ сот үкім кесу үшін он екісі де бір ауыздан Трампты кінәлі деп табуы керек. Тіпті біреуі күмән келтірсе, сот қарауы тоқтатылады.
Неама Рахмани, бұрынғы федералдық прокурор:
Әділ және бейтарап алқабиді табу оңайға соқпайды. АҚШ-тағы әрбір адам бұл істен хабардар және Дональд Трамп туралы біржақты ойда. Сондықтан өз пікірін емес, заңды басшылыққа алқабилер табу мiндеті тұр.
Құпия құжаттарға қатысты дау Трамптың жақтаушылары арасындағы беделіне нұқсан келтірмеген секілді. Сауалнамаға қатысқан республикашылдардың 81%- ы экс-президентті қорғап, қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Бұл жағдайды әккі саясаткер де президент сайлауы алдындағы үгіт насихат науқаны үшін ұтымды пайдаланып жатыр. Сарапшылар болса экс-президент сот процесін мүмкіндігінше саяси науқан өткенше созуға тырысады деп санайды. Себебі бүгін 77 жасқа толған Трампты келер жылы өтетін президент сайлауында жеңіске жетсе, қылмыстық істі тоқтатып тастауға, не «айыпты» деп танылып жатса өзіне рақымшылық жасауға құқы бар. Қалай болса да Трамп үстінен федералдық деңгейде қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған АҚШ-тың алғашқы президенті ретінде тарихта қалмақ.
Жалғас Сәдібек