Маңғыстауда кен орнындағы ұңғыма әлі өртеніп жатыр. Мамандар 6 күннен бері жалынды ауыздықтаудың жолын таппай әлек.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Энергетика министрлігінің өкілдері, құзырлы орған басшылары және сала ардагерлерімен шұғыл кеңес өткізді. Жиынға қатысқандар апатты жоюдың түрлі нұсқаларын ұсынды. Сондай-ақ газ қысымының төмендеуіне байланысты өрт өздігінен жойылуы мүмкін деген пікірлер айтты.
Айта кетейік, 9 маусым күні таңда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде өрт шықты. Бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су аралас қоспа атқылып, қызыл жалынға ұласқан. Қазір ұңғыманың айналасында диаметрі 15 метр, тереңдігі 3 метрге дейін шұңқыр пайда болған. Соған байланысты арнайы өрт сөндіру жабдығын жақындату мүмкін емес дейді мамандар. Оқиға орнында 33 техника, 100 ге жуық адам жұмыс істеуде.
Аягөз Оралбай