Павлодарлық балық өсірушілер зауыттық әдіспен емес, жағалаудан ұзамай-ақ уылдырықтан ұсақ шабақ өсірудің тың биотехникасын ойлап тапты. Нәтижесінде бір ғана шаруашылық Ертіс өзеніне ұсақ балық жіберудің облысқа берілген жоспарын артығымен орындамақ. Ашық аспан астындағы аквамәдени кешенге аймақтағы меншікті тілшіміз барды.
Бұл субұрқақ қалытқы. Тоғанға оттегін жіберу мақсатында жасалған. Өйтпесе желбезегі дамымаған ұсақ шабақтарға ыстық күндері ауа жетпей қырылып қалады. Ал мынау қолдан құрастырылған инкубациялық цех. Көлге ұсақ балық болып түскенге дейін уылдырық осы жерде дамиды.
Анатолий Заяц, балық өсіруші маман:
Балықтан ажыратылған уылдырықты 40 секунд ішінде біз арнайы сұйыққа араластырып жіберуіміз керек. Үлгермесек жентектеліп қалады. Одан ажыратып алу үшін сүтті қолданамыз. Табиғи жағдайда уылдырықтың басым бөлігі ысырап болып кетеді. Балықтың азайып бара жатқаны содан.
Шырышты қабығынан ажыратылған уылдырық үш тәулік бойы мына ыдыстарда бір қалыпты температурада сақталады.
Болат Аманбаев, тілші:
Бұл инкубатор. Балық тұқымы осында дамиды. Әр құтыға бір келі уылдырық құйылған.Содан 700 млн-ға дейін дернәсіл дамып шығатын көрінеді. Брақ солардың 20 пайызы ғана балық болып өседі екен.
Уылдырықтың табиғи өсімімен салыстырғанда бұл өте жоғары нәтиже көрінеді. Аквариумдық зертханалық тәсілдің арқасында шаруашылық биылға белгіленген облыстық жоспарды бір өзі орындауға әзір.
Александр Веретенников, шаруа:
Ертіс өзеніне шабақ жіберу жоспары бар. Жылдағы 30 мың дана деп белгіленеді. Біз қазір салмағы 150-200 грамдық 38 мың 300 дана тұқы шабақтарын дайындап қойдық.
Шаруашылық келесі жылы уылдырық өсірудің инкубациялық мерзімін сәуір айынан бастамақ. Ол кезде ауа райы суық болатындықтан облыста бұрын-соңды қолданылмаған тәсіл бұл. Тың шешім тауарлы балық өндіру көлемін екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді-дейді мамандар.
Болат Аманбаев