Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Бородулиха ауданына бүгінге дейін бір жарым тонна ұн, 400 келі қой еті мен құс еті, 200 литрден астам сұйық май, ауыз су, сүт өнімдері, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек жеткен. Бұл қарапайым тұрғындардың ғана емес, түрлі ұйымдар мен кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдардың жинаған қаражатына алынған. Келген заттар штаб жанындағы арнайы орында жиналған. Сонымен қатар онда ыстық ас әзірленіп, көпшілікке үлестіріліп жатыр. Қызыл жалынмен күресіп жатқандарға көмекке келген аудан тұрғындарының да қарасы қалың.
Сондай-ақ Қарағанды облысының Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері ормандағы өрттен зардап шеккен Абай облысының тұрғындары мен өрт сөндірушілерге гуманитарлық көмек жөнелтті. Зардап шеккендерге барлық қажетті заттар тиелген алғашқы жүк көлігі жолға шықты. Бұл небәрі бір күнде ғана жиналған көмек. Осындай қажетті заттар тиелген көліктер тағы жіберілетін болады.
Серік Селеубай