Абай облысындағы өрт: Қаза тапқандардың отбасына 7 миллион теңге беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы өрт: Қаза тапқандардың отбасына 7 миллион теңге беріледі

13.06.2023

Абай облысында өрттен қаза тапқан орманшылардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 миллион теңгеден, кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленеді. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов жедел кеңес отырысында айтты.

Жиын қайтыс болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Үкімет басшысы марқұмдардың жанұясы мен зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылғанын жеткізді. Сонымен қатар 40-тан астам жоғары оқу орны  өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне грант пен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделуде. Премьер-министр өрт ошақтарын ерте анықтау, мониторинг жүйелерін енгізу, орман мекемелерін нормативтік материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ төтенше жағдай себептерін анықтау және салдарын жою үшін құрылған арнайы Үкіметтік комиссияға 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу