Елордалық мемлекеттік қызметкерлерден құрылған еріктілер сенбілікке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық мемлекеттік қызметкерлерден құрылған еріктілер сенбілікке шықты

12.06.2023

Елордалық мемлекеттік қызметкерлерден құрылған еріктілер сенбілікке шықты. Қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуды мақсат еткен олар, Сарыбұлақ өзенін қоқыстан тазартты. Бұл Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» консультативті-кеңесші органының алғашқы іс-шарасы. Оған 40 шақты волонтер қатысты. Барлығы аталмыш қоғамдық жұмысты бірауыздан қолдаған. Ұйым өкілінің айтуынша, болашақта қан донорлығына және басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланған.

Бағдат Атымтай, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

Бұл топпен алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға және қаламызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына тартылатын болады. Мұндай мемлекеттік қызметшілер арамызда аз емес.

Жалпы, «Еріктілер кеңесінің» құрылудағы мақсаты: мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін арттырып, имиджін нығайту және қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру. Ұйымға жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменті қызметкерлері мүше.

Бибігүл Нұрова, қалалық Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы:

Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызметшілер осы «Еріктілер кеңесінің» құрамына кіремін, осы құрамға қосылғым келеді деген ниеттері болып жатса, біз әрдайым дайынбыз құрамды қайта қарастыруға. Сол құрамға енгізуге ашықпыз.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу