Абай облысындағы орман өрті құстарға орасан залал келтірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы орман өрті құстарға орасан залал келтірді

12.06.2023

Абай облысындағы орман өрті құстарға орасан залал келтірді. Семей орманы Қазақстанның ерекше қорғалатын аумақтар тізімінде. Халықаралық стандарттарға сәйкес А1 санатында, яғни, жойылудың алдында тұрған құстар мекендейтін аймақ. Соңғы жылдардағы кешенді зерттеулер нәтижесі бойынша, Семей орманында қанаттылардың 100-ден аса түрі бар. Қызыл кітапқа енген ителгі, қарақұс, шыңқылдақ қыран, дала құладын, бақалдақ қыранның тіршілігі қарағай орманымен тығыз байланысты. Мамандардың айтуынша, қазір жыртқыш құстардың биік ағаштар басында балапан басып, оларды ұшуға баптайтын шағы. Ал өрт әсерінен тіршілік ету ортасына зор кесір тиген. Сирек құстар популяциясы қайта қалпына келмеуі мүмкін.

Алексей Тимошенко, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының орнитолог-маманы:

Дәл қазір балапандар ұяда, белсенді тамақтандыру кезеңінде. Осыдан-ақ тілсіз жаудың зардабы белгілі. Өткен жылы Қостанайда Аманқарағайда болған өрттің де салдары жануарлар дүниесін айналып өтпеді. Ұя салатын орындары бұзылды. Ол кезде күз айы болып, балапандар аман қалса да биыл көктемде ұяларының болмауынан балапан баспады, не басқа жаққа ұшып кетті. Ал, Семей орманында қазір керісінше тіршіліктің қызыған шағы. Менің болжауымша көптеген құстар жойылды. Қазір қолдан келері өрттен кейін табиғаттың неғұрлым жылдам қалпына келуін күту. Ал қарағай ағашының ондаған жылдар бойы өсетінін ескерсек, жағдай көңіл көншітпейді.


Хабарламаларға жазылу