Алматылықтар Абай облысындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек жинап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтар Абай облысындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек жинап жатыр

12.06.2023

Алматылықтар Абай облысындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек жинап жатыр. Көмекке мұқтаж жандарға ауыз судан бастап көрпе-төсек, азық-түлік әкеліп өткізуге болады. Жиналған заттарды тез арада тиеп жіберуге еріктілер де дайын отыр.

Абай облысындағы алапат өртті ауыздықтауға күш салып жатқан мамандар мен ауылдан көшірілген ағайынға гуманитарлық көмек Алматыдан тез арада жіберіледі. Бүгін таңғы 10-нан бастап Байтұрсынов көшесі, 22 үй, 1 корпустың 1-қабатында ең қажетті заттарды волонтерлар қабылдап отыр. Кешкі сағат 7-ге дейін қала тұрғындары мен кәсіпкерлерінен заттай көмек жиналмақ.

 Әзизбек Қажденбек, Жастар саясаты басқармасының басшысы:

Біз күні кеше ғана Абай облысындағы штабпен сөйлесіп, қазіргі таңда гуманитарлық көмекке мұқтаждық бар екенін білгеннен кейін, оған дейін біздің белсенді тұрғындарымыз бар, белсенді волонтерлік ұйымдар бар, солардың бәрі осы волонтерлікқ фронт-офисқа хабарласты. Біз опер штабпен хабарласып, бүгіннен бастап гуманитарлық көмекті ашуды құп көрдік.

Қазіргі уақытта Абай облысына ең қажетті заттар – көрпелер, тыныс алу маскалары, термос, қол шамы, қуаттағыштар. Сондай-ақ жөргектер, дымқыл майлықтар және гигиена құралдары да артық болмайды. Ал азық түліктен жолда бұзылмайтын, әсіресе консервіленген өнімдер қажет.

 Бағдат Анарбаева, қалалық еріктілер фронт-кеңсесінің жетекшісі:

Қазіргі таңда біз Семей қаласындағы штабпен байланыстамыз. Сол штабтан керекті заттардың тізімін алған болатынбыз. Кейіннен осы заттарды Семей қаласына тасымалдаймыз деп жатырмыз. Әрине, Семейден әрі қарай Абай облысына дейін жеткізу қиын болса, ол жағына қосылатын боламыз.

Жақында Түркияға 50 тоннадан астам, былтыр Қостанай облысындағы өрт кезінде 10 мың тонна гуманитарлық көмек жіберген алматылықтар осы жолы да Абай облысына кем дегенде 10 мың тонна тауар жібермек.


Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу