Тәуелсіздік алғалы елімізде аза тұту күні 12-ші рет жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік алғалы елімізде аза тұту күні 12-ші рет жарияланды

12.06.2023

Елімізде тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аза тұту күні 12-ші рет жарияланып отыр. Өкінішке қарай, түрлі қайғылы оқиғаларды өткердік. Табиғи апат, шахтадағы жарылыстар, әуе кемелерінің апаттары, індет және терактілер болды. Қайғылы оқиғалардың хронологиясын еске түсірсек.

2006 ЖЫЛ 20 ҚЫРКҮЙЕК. Ел Тәуелсіздік алғаннан бергі бұл жалпыұлттық бірінші қаралы күн. Қарағанды облысының аумағында орналасқан Ленин атындағы шахтада жарылыс болды. Ол өртке ұласып, салдарынан 41 шахтер қаза тапты.

2008 ЖЫЛ 14 ҚАҢТАР. Бұл жолы «Абай» шахтасында 400 метр тереңдікте метан жарылды. Салдарынан 30 адам көз жұмды.

2010 ЖЫЛ 16 НАУРЫЗ. Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы бөгені бұзылды. Қатты тасқын су тұтас ауылды жермен-жексен етіп, 45 адамды опат қылды. Бұл – Қазақстанның тарихындағы ең алапат су тасқыны саналады. Мерт болған 45 тұрғынның 11-і бала болатын.

2012 ЖЫЛ 5 МАУСЫМ. 28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Қырғыннан жалғыз тірі шыққан Владислав Челахқа қылмысты жасады деген айып тағылды. Сот оны өмір бойы бас бостандығынан айырды.

2012 ЖЫЛ 27 ЖЕЛТОҚСАН. Шымкентте ұшақ құлады. 25 желтоқсанда қала маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты.

2013 ЖЫЛ 31 ҚАҢТАР. SCAT авиакомпаниясының лайнері Көкшетау - Алматы бағытында ішкі рейсті орындау кезінде оңтүстік астананың әуежайы маңында құлады. Әуе апаты салдарынан борттағы 21 адам қаза тапты. Олардың қатарында 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болды.

2016 ЖЫЛ 9 МАУСЫМ. Ақтөбедегі лаңкестік. Террорлық акт салдарынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.

2019 ЖЫЛ 28 ЖЕЛТОҚСАН. BekAir компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ол Алматыдан Астанаға бағыт алған еді. Ресми деректер бойынша 13 адам қайтыс болды.

2020 ЖЫЛ 13 ШІЛДЕ. Бұл коронавирус салдарынан қайтыс болғандарды еске алу күні. Жалпы ұлттық аза тұту күні.

2021 ЖЫЛ 29 ТАМЫЗ. 26 тамыз күні кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. 13 адам қаза тауып, 98 азамат жарақат алды.

2022 ЖЫЛ 10 ҚАҢТАР. Қазақстандағы қасіретті қаңтар оқиғалары тұтас елдің қабырғасын қайыстырды. Контртеррористік операция кезінде жалпы саны 238 адам мерт болды.

2023 ЖЫЛ 12 МАУСЫМ. Бүгінгі күн. Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Президент 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту жариялансын деген өкімге қол қойды. Соңғы ақпараттарға сай апаттың салдарынан 14 адамның мерт болғаны анықталды. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері. 

Қаралы күндердің тізімі осымен тоқтаса екен деп тілейміз.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу