Осы аптада алғаш рет өткен Астана халықаралық форумына қатысу үшін әуелі Қатар үкіметі мен бизнес өкілдерін бастап Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни келді. Қатар әмірін әуежайдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Әдетте, мемлекеттік сапар болмаса, жұмыс сапарымен келген қонақтың алдынан Президент шықпайды. Халықаралық дипломатия тәртібі солай. Бірақ мемлекет басшыларының достық пейілі ешқандай протоколға бағынбайтын сияқты. Ал бұл достықтың тамыры тереңде жатыр.
Қазақстан президенті шейхтің әкесі Хамад бен Халифа Әл Тәнимен де таныс. 1997 жылы Сыртқы істер министрі кезінде Қатарға барып, алғаш екі ел арасындағы әріптестіктің негізін қалаған. Осыдан соң мемлекет басшылары бір-біріне сапарлай бастайды. Әкесі 2013 жылы биліктен бас тартқан соң таққа отырған Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің өзі Қазақстанға үшінші рет келіп отыр.
Тура бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар экономикалық форумына қатысу үшін Дохаға барған еді. Қатар әмірі қолқалаған соң Президенттің жоспардағы кестесінен тыс сапар болғаны айтылған, сонда. Ол форум «мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесін» арқау еткен.
Астанадағы халықаралық форумның да тақырыбы осы тақылеттес. «Диалог арқылы сын-қатерлерлі еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында» деп аталды. Форумда дүниежүзінің экономикалық және аймақтың ынтымақтастық мәселелері ғана емес, климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік секілді өзекті тақырыптар да талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Біріккен ұлттар ұйымның Қауіпсіздік кеңесіне жан-жақты реформа қажет екенін айтты. Әрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі «орта державалардың» пікірі мейлінше салмақты болуға тиіс деді. Мемлекет басшысы «орта держава» терминін пайдаланғанын бұрын-соңды естіген емеспіз. Форумның екінші күнінде сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та осы ұғымды тілге тиек етіп, Қазақстан орта держава санатына жататынын айтып қалды. Бұл терминді біздің елге қатысты осыдан бір ай бұрын саяси сарапшы Харун Карчич америкалық «The National Interest» журналында жарияланған мақаласында пайдаланған еді. Ол: «Қазақстан – стратегиялық орналасуы, бай табиғи ресурстары және халықаралық қағидаттар мен ынтымақтастыққа бейілдігі тұрғысынан «орта державаға» тән классикалық сипаттамаға сай келеді» деп жазған.
«Орта держава» тұжырымдамасы жаһандық саясатқа ықпалы бар елдерді сипаттау үшін қырғи-қабақ соғыс кезінде пайда болған. Кейінгі бір жарым жылда ушыққан геосаяси ахуал Қазақстанның да салмағын арттырғанға ұқсайды. Оны Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген қонақтардың деңгейінен де аңғаруға болады. Диалог алаңында Қатар әмірінен бөлек, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов те болды. Бас-аяғы 1 мыңнан астам делегат қатысқан екі күндік шараға тілшіміз Данияр Қайыртай да қатысқан.
Данияр Қайыртай, тілші:
Астана халықаралық форумы осыдан 15 жыл бұрын басталған Астана экономикалық форумының жаңа сипаттағы жалғасы. Негізгі идея – мемлекеттердің арасын алшақтатып жатқан геосаяси шиеленіс кезеңінде бірігуге, ынтымақтасуға, ықпалдасуға тырысу.
Диалог алаңының басты миссиясы – әлемдегі жағдайды ашық талқылау, деді Президент Форумның пленарлық сессиясында. Әрі сын-қатерлерді анықтап, оған біріге отырып төтеп берудің маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс.
Мемлекет басшысы осы мәлімдемесі арқылы бейбітшілік мәселесінде «таңдаулы» елдердің тасасында қалып қойған Қазақстан сияқты елдердің мүддесін күйттеп отыр, дейді сарапшылар.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Үлкен сверхдержавалар өздерінің қауіпсіздігін басқа кішкентай елдер арқылы шешеді. Қазіргі Шығыс Еуропада болып жатқан конфликтіні айтсақ болады. Сол үшін біз сияқты елдердің мүдделері қалып қалмауы керек.
Мейрам Сарыбаев, Аймақтық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы:
Бұл мәлімдемеден Қазақстанның кең ауқымды жаһандық қауымдастықтың, соның ішінде дамушы елдердің мүдделерін қорғайтын жауапты жаһандық актор ретінде көрінуге ұмтылысын көруге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сол ойын жалғай келе, Біріккен ұлттар ұйымы құрылғанда негізі қаланған әлемдік тәртіптің іргетасы бұзылғанын айтты. Алайда бұл ұйым бүкіл адамзатты біріктіретін жаһандық әмбебап қауымдастық болып қала беретінін алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешуде табысқа жете алмаймыз. Кеңестегі «Орта державалар» өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуға тиіс.
Сонда Президент «орта держава» деп кімді меңзеді?
Мейрам Сарыбаев, Аймақтық мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы:
Қазақстанның осы орта держава санатына жататындығы, әрине, субъективті болуы мүмкін. Бірақ оның жаһандық істерде көбірек өкілдік пен ықпал етуге ұмтылысы айқын көрініс табуда.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Территория жағынан, әрине, біз үлкен державамыз. Ал адам санын айтсақ, экономика жағын айтсақ, біз орта державаның қатарына кіреміз. Дүниежүзінде сверхдержавалар аз, орта размердегі державалар көбірек. Қазақстан сияқты. Сол үшін саны көп болған соң, біздің де мүддеміз сол жерде естілуі керек. Өйткені тек қана сверхдержавалардың үні естілетін болса БҰҰ-да, ол тек қана конфликтіге апарады. Қазір көріп отырмыз ғой өзіміз.
Ал саясаттанушы Риззат Елубаев алдағы күзде қабылданатын жаңа Сыртқы саясат тұжырымдамасында «орта держава» термині ресми түрде бекітілуі мүмкін деп болжайды. Аталған құжатты жаңарту қажеттігін Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте тапсырған болатын. Себебі 3 жыл бұрын бекітілген тұжырымдама қазіргі геосаяси жағдайға сай келмейді, деген еді Президент.
Риззат Елубаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Қазір қолданылып келе жатқан сыртқы саясат концепциясында «аймақтық орта мемлекет» деген тұжырым қолданылған еді. Ал енді бұл тұжырым «орта держава» терминіне ауысуы ықтимал.
Президент Қырғи-қабақ соғысы кезіндегідей жік-жікке бөліну саясатын да сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлем «блоктарға» бөліну ой-санасына 30 жылдан кейін қайта оралғанын көріп отырмыз. Жікке бөлінушіліктің геосаяси ғана емес, экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылып жатыр. Яғни санкциялар мен сауда соғыстары, қаржыландыру көздерін шектеу немесе жою, инвестицияны бақылау осының көрінісі.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Сондай «блоковое мышлениені» ары қарай жүргізе беретін болсақ, ол үшінші дүниежүзілік соғысқа апарады. 100 пайыз гарантия бар оған. Сол үшін халықаралық аренада басқа формат қабылдануы керек.
Басқа формат деп «жаһандануды» меңзеп отыр саясаттанушы Ерсұлтан Жансейітов. Бірақ мұндай тұжырымға қарсы көзқарастағы елдер аз емес.
Риззат Елубаев, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Бір жақтан жаһандану, бір жақтан аймақтану; бір жағынан компромисске келу, екінші жағынан консенсусқа келу; бір жағынан унилатерализм, екінші жағынан мультилатерализм. Бұның барлығы бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар және бүгінгі таңда бұлардың арасында талас-тартыс жүріп жатыр.
Сарапшы айтқан мультилатерализм мәселесі Форумда да көтерілді. Мұндай халықаралық экономикалық жүйеде әр ел барлық серіктесімен теңдей байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады. Ал былтырғы ақпаннан бері осы мүмкіндік шектеле бастаған.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Мультилатерализм. Қазір, өкінішке қарай, сол принциптердің бәрі бірінен кейін бірі ұмытылып жатыр. Біз ХХ ғасырдың басына қайтып келіп жатырмыз.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Билатерализм кезінде әлемдік жалпы ішкі өнім 7 пайызға төмендеп кетуі ықтимал. Бұл әлемдік экономикадан Германия мен Жапонияны алып тастағанмен бірдей. Панельдік сессияда осындай болжап айтылды.
Форумның тағы бір мақсаты – шетелдік бизнес элитаға Қазақстандағы инвестициялық климатты көрсету.
Ернұр Рысмағамбетов, Астана халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы:
Бұрынғы кезде олар көптеген проектілерге қарайтын. Қазіргі таңда шетел азаматтары негізінен «жасыл» экономика, «жасыл» проектілерге инвестиция жасауға бет бұрып келеді.
Айталық, жаңартылатын энергия көздерін дамытуда көшбасшы саналатын Араб әмірліктерінің Masdar компаниясы осы бағыттағы жобаға қаражат салмақ.
Мұхаммед әл-Рамахи, «Masdar» компаниясының бас атқарушы директоры:
Біз Қазақстанда 1 мың мегаватт электр энергиясын өндіретін жел электр станциясын салуды жоспарлап отырмыз. Жоба құны, шамамен, 1 млрд АҚШ доллары болады.
Қазақстан газ секторына да инвестиция тартуға ниетті.
Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
Мысалы, газ құбырын салу «Бейнеу-Бозой-Шымкент» екінші тармағы магистральды газ құбырының, 6 млрд долларға жуық үлкен инвестициялық жоба. Газ өңдеу зауыты бойынша Қашағандағы, CNPC-мен де, тағы басқа потенциалды инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ол, шамамен, 3 млрд доллар.
Астана халықаралық форумы аясында жасалған келісімдер соңына дейін жететін шығар. Әйтпесе оны өткізуге Үкімет бюджеттен 1 млрд тг шығындамас еді ғой...
Данияр Қайыртай