Семей қаласына қарасты ауылдың тұрғындарды эвакуацияланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей қаласына қарасты ауылдың тұрғындарды эвакуацияланып жатыр

11.06.2023

Абай облысындағы орман өртін сөндіруге қолда бар техника мен адамдар түгел жұмылдырылып жатыр. Семей қаласына қарасты бірнеше ауылға қайта қауіп төнген. Сондықтан тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Қазір тілшіміз Ержан Жақып тікелей эфиге қосылып отыр. Ержан, ауылдарға қауіп бар ма?

Ержан Жақып, тілші:

Кеше жедел штаб басшылары елді мекендерге төнген қауіп сейілді деген болатын. Сондықтан эвакуацияланған бірнеше ауыл тұрғындары үйлеріне қайтарылған. Алайда бүгін тілсіз жау тағы күш алған сияқты. Ұйытқып соққан желдің бағыты өзгеріп, Семейге қарасты Талица, Тепкаши, Половинка, Каштак ауылдарына қайта қатер төнген. Сондықтан, қауіпсіздік үшін тұрғындар көшіріліп қаладағы эвакуациялау пункттеріне орналастырылып жатыр. Семейдегі электротехникалық колледждің жатақанасына үш автобуспен 60 адам жеткізілді.

Гүлмира Дүйсенғазықызы, Талица ауылының тұрғыны:

Біз бәріміз не істейтінімізді білмей. Не алатынымызды білмей қалдық. Қолымызға не түсті, бәрін алып соны алды артымызға қарамай қаштық. Ауылда түтін. Түк те көрінбейтін түтін. Қасындағы үй де көрінбей қалды.

Қауіпсіз жерге көшірілгендерге барлық жағдай жасалып жатыр. Жатын орын, ыстық тамақпен өзге де қажеттілермен қамтылған. Еріктілер үйлерінен асығыс қашып шыққан адамдарға киім-кешек, гигиеналық заттар таратуда. Эвакуацияланған ауылдардың кіре берістерін полиция бақылауға алған. Жалпы Семейде 800 адам сиятын 9 эвакуациялау пункті ұйымдастырылған.

Жаңа ғана келіп түскен тағы бір ақпаратпен бөлісе кетейін. Өрт кезінде 14 орманшының қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Абай облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан 2 не одан да көп адам өліміне әкеліп соқтыру бабы бойынша, кінәлілер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу