Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол әр жылдары вице-премьер, министр лауазымдарын атқарып, еліміздің 5 облысын басқарған. Марқұмның отбасы мен жақын туыстарына Мемлекет басшысы қайғырып көңіл айтты.
Бердібек Сапарбаев – Қызылорда облысының тумасы. 46 жылын мемлекеттік қызметке арнаған тұлға жақында ғана 70 жас мерейтойын атап өткен еді. Көпшілік оны қиын сәтте батыл шешім қабылдай алатын, сенімді, мінезді басшы ретінде таныды. Түрлі мәселеге орай наразылық танытқан халықтың алдына шығып, даулы мәселелердің түйінін тарқата білетін санаулы әкімдердің бірі еді дейді. Мұның бір дәлелі Қордайдағы қақтығыс.
Сапарбаевтың қарапайымдылығы да көпке мәлім. Баспанасы суға кеткен ақтөбеліктердің жағдайымен танысу үшін аяғына резеңке етік киіп, ауылдарды аралағаны әлі есте.
Өңірлерді басқарған тұста түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуімен ел есінде қалған азамат еді деп алғысын айтатындар да аз емес.
Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:
ШҚО анау көшелердің аты қазақшалауға көнбей, баяғы қызыл империяның көше аттары сіресіп тұрған қала бола тұғын, сол сең бұзылды. Сол Бердібек Сапарбаев әкім боп барғаннан кейін. Бұрынғы Ленин ескерткіші тұрғанда әкеліп Ұлы Абай бабамыздың еңселі ескерткішін асқақтатып қоюы бар. Бұл ең үлкен ерлігі. Ең үлкен жұмысы.
Бердібек Сапарбаев еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. Әр жылдары Қазақстанның 5 аймағын, атап айтқанда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Жамбыл облыстарын басқарды. Екі рет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, екі рет Үкімет басшысының орынбасары болды. Марқұм жақында ғана оқытушылық қызметке кіріскен еді.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жас ұрпаққа басқару ісін қалай жүргізу керектігін, «кризис-менеджер»,-дейді ғой. Сондай уақыттарда қалай қимылдау керек, ақылға салып, әрекетті қалай дұрыс жасау керек деген тұрғыда айтатын да, беретіні де мол еді.
Бердібек Сапарбаев қайда қызмет етсе де жаңа қызметке тағайындалғанда, оны сол өңірдің жұрты қимай шығарып салып отырды. Марқұм былтыр Жамбыл облысының әкімі қызметінен кетіп, зейнетке шықты. Осы аймақты екі жылдай басқарған Сапарбаевтен қоштасу үшін тараз халқы әуежайға жиналып, басшыны зор қошаметпен шығарып салған еді. Марқұмның сол тұста көңілі босап, көзіне жас алғаны да елдің жадында.