Алматыда Баум бағының маңында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысы 7 айдан бері тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Баум бағының маңында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысы 7 айдан бері тоқтап тұр

09.06.2023

Алматыда Баум бағының маңында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысы 7 айдан бері тоқтап тұр. Компания салымшылардың ақшасын жинап алған. Шахар басшысы құрылыстың заңсыз екенін айтады, ал құрылыс компаниясының өкілдері рұқсатты әкімдіктің өзі берген дейді. 

Он жылдан бері тірнектеп жиғанымызды түгел құрылыс компаниясына құйып, далада қалдық деген салымшылардың шыдамы таусылып барады. Компания ақшамызды қайтарып берсе де, ол соммаға дәл қазір үй таппаймыз дейді.

Құрылыс компаниясы заңсыздыққа бармадық, оны дәлелдейтін құжаттарымыз қолымызда дейді. Жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов бекіткен деп тиісті құжатты алға тартты.

Елдос Көмекбаев, құрылыс компаниясының директоры:

Барлық тиісті мекемеден қажетті анықтаманы 8 ай жүріп жинадық. Құрылысты бастаған соң, бір айдан кейін оны тоқтатыңдар деді. Екі рет сотқа бердік, екеуіне де сот біздің тарапқа оң шешім шығарды. Енді 2 маусым күні мемлекеттік орган аппеляциялық шағым түсірді деп хабарлама келді. Е-гов арқылы мақұлданған құжатқа біздің не қатысымыз бар, әкімдіктің былығы ғой.

Қала әкімі Ерболат Досаевқа осы сауалды салымшылардың өзі қою үшін тұрғындармен кездесуге жиналып барды. Әкім компания құрылысты заңсыз бастап, кейіннен рұқсат құжатын рәсімдеп алған деді.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Бұл тұрғын үй заңсыз салынған. Ол «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрамына кіретін Баум тоғайының жанында орналасқан, оның айналасындағы санитарлық аймақ 1 шақырымды құрайды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Бұл жобаға бұрын кімнің рұқсат бергені анықталу үстінде.

Алматыда заңсыз салынған нысандардың саны 82-ге жеткен. Оның 27-сі бұзылсын деген соттың шешімі бар.

Медет Рабаев, Қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Нысан бойынша сот талқылаулары жүргізілуде. 11 нысан бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары шұңқыр деңгейінде тоқтатылды.

Ал Баум бағының жанынан үй салған компанияға Ерболат Досаев үлескерлердің ақшасын қайтару керек деп кесіп айтты. Содан кейін ғана, жобаны басынан қарастыруға болады деп отыр. Ал компанияның қазіргі қарызы 2 миллиард теңгден асып кетті. Қайткен күнде де салымшылар салған ақшасын әкімдік арқылы емес, тек сотқа жүгініп қайтара алады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу