ШҚО-дағы ірі өндіріс орындарына 8 мыңға жуық маман жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы ірі өндіріс орындарына 8 мыңға жуық маман жетіспейді

08.06.2023

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі-өндіріс орындарына 8 мыңға жуық маман жетіспейді. Тек ауыр өнеркәсіп емес ауыл шаруашылығы саласында да кадр тапшы. Бұл оңтүстік өңірлерден көшіп келіп, жұмыс істегесі келетін жандарға үлкен мүмкіндік. Қоныс аударған отбасыларға қандай көмек беріледі? Олжас Керейхан айтсын.

Бөшке-бөшке бал алу үшін Алмас бел жазбай еңбек етеді. Ол былтыр отбасымен Астанадан Өскеменнің іргесіндегі ауылға көшіп келді. Қазір ара бағып, бал өндіруді мықтап қолға алған. Омартасында 700 дей ұяшық бар. Бал өнімін өңдейтін цех ашты. Шаруашылығында 20 адам еңбек етеді. Кәсіпкердің ендігі мақсаты өнімнің түрін көбейту.

Алмас Сетербаев, кәсіпкер:

Бұл жақтың балының атағын ары қарата шығарсақ па, түпкі өнім жасасақ па деген оймен келгенбіз. Жылдың аяғына дейін жоспарымызда бар таза конфет шығарсақ па деп отырмыз. Ол конфетте осы жердің шөптерінен жемістерінен жасалған, басын бал қылып, қалған қоспаларын осы жердің жемістерін қоссақ па деген ойымыз бар.

Астанадан Алтайға көшерде көп ойланған. Әсіресе өндірісті өңірдің экологиясынан қорыққан. Дегенмен келген соң шығыстың тұмса табиғаты бірден баулап алды дейді ол.

Айжан Сетербаева, ауыл тұрғыны:

Ұнағаны табиғатымен ұнайды, өте жасыл қала. Жұмыс болғаннан кейін ұнайды, бәріміз жұмыстамыз.

Биыл шығысқа 544 адамды көшіріп алау жоспары бар. Бүгінге дейін 200- ге жуық адам ауылдарға қоныстанып үлгерген. Мемлекеттік бағдарламамен келген әр отбасына арнайы сертификат беріледі.

Динара Қожанова, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы басшысының орынбасары:

Экономикалық ұтқырлық сертификаты, яғни қоныс аударушыға үй салуға немесе пәтер сатып алуға 50 процент, 4 миллион теңге аспаған түрде көмек көрсетіледі.

Өңірге көшіп келген отбасылар бұған дейін негізінен Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддермен Өскемен қаласына қоныс тепкен.

Олжас Керейхан, тілші:

Шығыста бүгінде 900-ге жуық ірілі-ұсақты кәсіпорын бар. Осы өндірістерге жұмысшы жетіспей жатыр. Әсіресе тау-кен саласындағы ауыр көлік жүргізушілері жоқтың қасы. Ауылдарда дәрігер тапшы. Сондықтан Алтайға атбасын бұруға тәуекел еткендер жұмыссыз қалмайды. Ал елге ел қосылса құт.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу