Үкіметтің былтырғы бюджет туралы есебі мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметтің былтырғы бюджет туралы есебі мақұлданды

07.06.2023

Үкіметтің өткен жылғы бюджет туралы есебін мақұлдауға 12 депутат қарсы болды. Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «қанағаттанарлық» деп баға берді. Бүгін парламентің төменгі палата депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдады. Қаржы, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму министрліктері былтыр бюджет қаржысын уақытылы игермеген. Үш ведомство кәдеге жаратпаған қаржының жалпы сомасы 40 млрд теңгеден асады. Тағы бір мәселе - бюджеттің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігі сақталып отыр. Мысалы, былтыр 4 жарым трлн теңгеден астам қаржы аталған қордан түскен. Енді оның қаражатын үнемдеуге басымдық беріледі.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту қарастырылған. Біз бұл саясатты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді деп санаймыз.

Үкіметтің өткен жылғы бюджет туралы есебін мақұлдауға 12 депутат қарсы болды. 7 депутат қалыс қалды. Қорыта келгенде, 73 депутат жақтап, дауыс берді. Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «қанағаттанарлық» деген баға берді. Былтырғы бюджет бір жылда 8 рет түзетіліп, 1 рет нақтыланған. Демек, бюджеттің игерілмеуіне жоспарлаудың жүйесіздігі себеп, - деп отыр депутаттар. Мемлекеттік сатып алу заңында да олқылықтар көп.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Бюджеттің орындалуында кемшілік жіберген әкімшілерді, кемшілік жіберген жауапты қызметкерлерді, министрліктерді, тиісті квазимемлкеттік секторлардың өкілдерін, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің нақты жауапты қызметкерлерін жаупқа тарту жөндегі мәселені де көтеріп отырмыз.

Депутаттардың ұсыныстары ескерілуі керек. Мәжіліс төрағасы осылай деді. Сын-ескертпе жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Демек, алдын алу шараларын осы уақыттан бастап қолға алуымыз керек. Ерлан Қошанов бұл іс-шаралар ең алдымен жаңа Бюджет кодексінде және мемлекеттік сатып алу туралы заңда ескерілуі қажет деді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Бюджет осы бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Енді осындай тырнақшаның ішіндегі тамаша цифрдың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант бар. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр.

Бюджет қаражатын ысырып етуге жол берілмейді. Әр тиын халық игілігіне жұмсалу қажет. Игерілмеген қаржы адамдардың өмір сүру сапасына әсер етеді, - деді Мәжіліс төрағасы. Ал депутаттардың сауалдарына атүсті қарайтын Үкімет мүшелерінен енді Мәжіліс залында жауап алынатын болды. Бұған регламент бойынша да, Парламент туралы заң аясында да ешқандай кедергі жоқ.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу