Астанада мамандандырылған ХҚКО-да база істен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада мамандандырылған ХҚКО-да база істен шықты

06.06.2023

Бүгін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы база істен шықты. Бүкіл ел бойынша осындай келеңсіздік орнап, жұрт тиісті қызметті ала алмады. Астананың өзінде 300-ден аса адам осы мекеменің қызметіне жүгінген. Бірақ, база істемегендіктен, кері қайтты.

Астаналық Әлібек Бәйте кешеден бері көлігін қайта тіркеуден өткізе алмай жүргенін айтады. Бүгін де жұмыстан сұранып келген. Бірақ, база істемегендіктен тағы да жұмысым аяқсыз қалды деп отыр.

Әлібек Бәйте, қала тұрғыны:

Өте қиын. Күннің ыстығында. Бүгін 37-40 градус болып тұр ма?! Қаншама адам мына жерде қиналып тұр. Үлкен, әйел адамдар баламен жүр. Өте қиын, жүйеге келтірілмеген сияқты.

Расымен де, елімізде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы база бір жүйеге келтірілмеген сынды. Себебі, жиі бұзыла береді. Мұндағы мамандарда жұмыс орындарын тастап, арнайы жүйенің іске қосылуын халықпен бірге күтеді.

Мұрат Анарбек, Астана қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бас маманы:

Қазіргі таңда ҚР Ішкі істер министрілігінің Әкімшілік полиция комитетінің ИБД базасы жұмыс жасамайды. Информационный база данных деген. Сол себепті халық өзіне қажетті қызметті ала алмау үстінде.

Ал комитеттегілер болса, олар да базаның істен шығуына не түрткі болғанын білмейді. Енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы базаның іске қосылғандығы жөнінде ақпаратты 1414 орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады.


Хабарламаларға жазылу