Шомылу маусымына дайындық жеделдемек. Ал Астанадағы су мәселесі қалай шешілмек? Бас қалада аптап ыстықта ауыз су жиі тоқтап қалып жатыр. Тұрғындар суды арнайы көліктерден тасып ішуге мәжбүр. Ал кейбір тұрғын үй кешендерінде бірнеше айдан бері тіршілік нәрі бір беріліп, бір тоқтап қалып жатыр. Тіпті, кей министрдің де үйінде ауыз су жоқ, құтыға құюға мәжбүр. Астанадағы ауыз су тапшылығын Азамат Бейбітұлы тарқатады.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Бұл Астанадағы «Онлисан» тұрғын үй кешені. Мұнда ауыз су мәселесі көктемнен бері өзекті. Себебі әр сенбі, жексенбі сайын тоқтатып тастап жатады екен. Соңғы екі тәулікте тіпті болмаған. Бүгін ғана берді. егер бүгін су бермегенде осы жаңбырға жуынатын едік дейді тұрғындар.
Қымбат Иманғалиқызы, қала тұрғыны:
Әр аптаның соңғы күндері кешке қарай су жоқ. Енді менде екі бала ваннаяға су толтырамыз. Міне, дәретханаға арналған су, анау беті қол жууға арналған су.
Астананың қақ ортасында ауыз суға жарымай отырған тұрғындар әбден шаршағанын айтады. Суды сатып ала берудің өзі қыруар шығын. Әне-міне тоқтап қалар деп шара мен шелекке су толтыра берудің өзі әбігерлік.
Динара Өтешова, қала тұрғыны:
Арызданғанбыз. Өзім бірнеше рет су арнасына, әкімдікке арыздандым. Барлығының жауабы бір. Қалаға су жетпей жатыр дейді.
Астана қазір апатап ыстық. Күнмен бірге су мәселесі де күйіп тұр. Көптеген көп қабатты тұрғын үйлерде су бірде бар, бірде жоқ. Жұрт осы мәселені жоғары жаққа жеткізіңіздер дейді бізге. Бірақ жоғарыдағыларға да су жетпей жатыр екен. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің өзі суды құтыға құйып жүр. Урбанизацияның уысында тұрған қала тым тез өсіп келеді. Демография да демігіп тұрған жоқ. Сондықтан сұраныс көп болғасын су тапшы. Мұны биліктегілер ашық айтып, мәселені шешудің жоларын жеткізді.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары:
60-шы жылдардың соңында бірінші су станциясы іске қосылды. Екіншісі 2011 жылы іске қосылды. Бірақ Астананың өсуіне байланысты халық санының көбеюіне байланысты 2020 жобалау жұмысын бастап, 2021 жылы құрылысты бастадық. Ол жұмыс қазір аяқталды. Демек жаңа станцияның жұмысы бітіп, құрал-жабдықтарды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес маусым айында ол жұмыс бітіп, су берілуі керек.
Оған дейін «Астана су арнасы» судың қысымын төмендетуге мәжбүр. Арнайы кестесін де бекітіп, жария еткен болатын. Сондай-ақ «су арнасындағылар» суды үнемдеп үйрену керек деп үндеп жатыр. Бірақ үнемдейтін де су таппай отырғандар қайтпек?
Азамат Бейбітұлы