Қарағандылық диқандар астық пен басқа да дақылдар бағасының түсуі жағдайды қиындатып жібергенін айтып дабыл қағуда. Салдарынан жыл сайынғы дала жұмыстарына қажетті тыңайтқышқа, қосалқы бөлшектер мен техникаға қол жеткізу қиындап, біраз нәрседен бас тартуға тура келген. «Бұрын-соңды ол үшін жұмсалған қаражат пен алған несие күзгі түсіммен жабылатын. Оның үстіне биылғы жаз қуаң болады»-деп қынжылады фермерлер.
Бұл-өңірдегі ең үлкен 36 мың гектар егін салатын шаруашылық. Көктемде қар суы жерге мол сіңген. Алайда аңзақ жел ылғалды кептіріп барады. Сондықтан шаруашылық қазірден бастап алқаптарды суғарып, қымбат та болса тыңайтқыш пайдалануына тура келеді. Өйтпесе егістік бітік шықпай күзге салым жағдай тіптен қиындайды.
Думан Шәктаев, бас агроном:
Биылғы жылы бір қуантарлығы қыс бойғы жауған қар ақпай жерге сіңді. Сол бір көңілге медеу болып тұр. Күллі егісімізді толық тыңайтқышпен сеуіп жатырмыз.
Қазіргі геосаяси ахуал ауылды да айналып өтпеді. Өткен жылы бидайдың бір тоннасына баға 180 мың теңгеге дейін жеткен. Ал биыл небәрі 90-100 мың теңге шамасында ғана. Картоптың да бағасы екі есеге түскен. Мамыр айында кг 90-100 теңгеден сату бұрын-соңды болмаған. Ал есесіне егістікке қажеттінің бәрі қымбаттап, шаруаны шатқаяқтатып тастаған.
Георгий Прокоп, фермер:
Гербицидтер, тыңайтқыштар, қосалқы бөлшектер мен техника өткен жылы қымбаттап кеткен. Қазір бағасы екі еседен аса шарықтады. Астық бағасы жақсы жылдары біз ол шығындарды күзде қайтарып алатынбыз. Енді кейбір қажетті тыңайтқыштарды, қосалқы бөлшектерді алмай, біраз нәрседен бас тартып жатырмыз. Егер күзге салым гектарнына 15 центнерден астық алмасақ көктемгі дала жұмыстарының шығыны ақталмайды.
Биыл облыста 944 мың гектардан астам жерге егін салынуда. Бұған қоса 60 мың гектарға майлы дақылдар, 12 мың гектарға картоп, 2 мыңдай гектарға көкөніс егілді. Жақын күндері жұмыс толық аяқталады. Қымбатшылық пен бағаның жоқтығы қысқан шаруалардың ендігі бар үміті егіннің бітік шығуы болып отыр.
Руслан Нұрланұлы