Мемлекет басшысы: Қазақстан одақтас мемлекеттің құрамына қосылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Қазақстан одақтас мемлекеттің құрамына қосылмайды

04.06.2023

Тоқаев-Лукашенко дебаты осы аптада да жалғасты. «Қазақстан одақтас мемлекеттің құрамына қосылмайды. Әрі ядролық қару бізге қажет емес!» Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына сапарында Беларусь Президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Еуразия экономикалық форумындағы Тоқаевтың қағытпасына жауап бергені болар, Александр Лукашенко Ресей журналисімен сұхбатында «Қазақстанды Одаққа қосылуға шақырамыз» деген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен оның әзілін жақсы бағаладым. Менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ, өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, ол бізге қажет емес, себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық қаруды сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар бойынша міндеттемелерімізге берік боламыз.

Ал Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуы тиіс. Президент осы мәселеге де тоқталды. Солтүстік Қазақстан облысы Ресеймен шекаралас. Сондықтан өңірдің стратегиялық маңызы зор деді Тоқаев. Еуразиялық одақ аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргізілетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі теміржол тарифтері қол жетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек. 

Президент жалпы қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау кемімейтінін, керісінше өндірістік жобаларға мүмкіндік көбейетінін жеткізді. Қазақстан сүт өнімдерімен өзін-өзі толық қамти алатын деңгейге жетуі тиіс деді. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан өңірінің әлеуеті жетеді. Қазірдің өзінде 100 сүт фермасы бар. Алдағы уақытта саны артады. 17 жоба басталды. Астықтың үштен бірі осы өңірде өсіріледі. Биыл егіс алқабы тағы ұлғайған. 4 жарым млн гектардан асқан екен. Жалпы, теріскейде егін өсірудің тәуекелі жоғары. Климат тез өзгереді. Сондықтан жер баптаудың тәсілі де жиі өзгеріп тұрады. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Қазір азық-түлік қауіпсіздігі - Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу керек екенін айтты.


Хабарламаларға жазылу