Алматыда балалар арасында алғаш рет шоудауннан турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда балалар арасында алғаш рет шоудауннан турнир өтті

03.06.2023

Алматыда көру қабілеті нашар балалар арасында алғаш рет шоудаун бойынша республикалық турнир өтті. Оған еліміздің 6 өңірінен 20 жасөспірім қатысты. Спорттың бұл түрі Қазақстанда енді ғана дамып жатқандықтан көпшілікке беймәлім. Десе де, онымен айналысатындар саны қазір 200-ден асқан.

Елордалық Диас Айтуар бұл турнирге бір жыл дайындалғанын айтады. Туа бітті көру қабілетінен айырылған бозбала үшін шоудаун жай ғана спорт емес, өмір салты. Сондықтан осы жарыста шеберлігін көрсетіп, қарсыластарын шыңдай түскісі келеді.

Диас Айтуар, жарысқа қатысушы:

Менің жасым 15-те. Шоудаунға ұтуға келдім. Шоудаун спорты мен үшін өте қызық. Өйткені қызық қарсыластар болады, ми жұмыс істейді. Жалпы күшті...

Турнирге Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау сынды еліміздің 6 қаласынан 20 жаспөспірім қатысты. 10 мен 17 жас аралығындағы ұл-қыздар жалпы командалық және жеке сынақтан өтті. Шоудаун қазақстандықтар үшін спорттың таңсық түрі. Оны көпшілік үстел теннисіне ұқсатып жатады, ортақ тұстары болғанымен екеуінің айырмашылығы да жетеді дейді, мамандар.

Марат Қожахметов, «Шоудаун федерациясы» РМҚБ президенті:

Біз шоудаунды Қазақстанда дамытып жатқанымызға 5 жыл болды. Осы кезге дейін ересектер арасында екі ашық турнир өткіздік. Ал балалар арасында алғаш ұйымдастырып отырмыз. Спорттың бұл түрі физикалық ептілікті қажет етпейді. Доптың ішіне дыбыс шығаратын заттар салынған. Сондықтан ол зағип жандардың түйсігін жақсартып, шапшаң болуына септеседі.

Турнир «Дара» қорының «Әлемді ашамыз» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша топ жарғандарға бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталмақ. Айта кету керек бүгінде Қазақстанда шоуданға баулитын 11 филиал жұмыс істеп тұр. Ал, шұғылданушылар саны 200-ден асып жығылады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу