Маңғыстауда жазғы лагерьлер қолжетімсіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда жазғы лагерьлер қолжетімсіз

02.06.2023

Әсіресе, жазғы демалыста балаға қырағы көз керек. Жұмысбасты ата-ана жүгін бір уақыт лагерьлер жеңілдете алады. Мәселен, биыл Маңғыстауда 144 мыңнан астам оқушының 40 мыңға жуығы жазғы сауықтыру орындары мен үйірмелерге барады. Ал өзгесі қайтеді, шын мәнінде балалар демалысты қалай өткізеді? Ата-аналар не дейді? Басқұдық ауылындағы балалар демалысқа шығып, асыр салып ойнап жүр. Араларында лагерьге барғандар бар. Ал 11 жасар Уәлихан жазғы сауықтыру орнына барып көрмеген. Жеткіншек жаз бойы доп теуіп шынықпақшы. Бірақ, ауылда футбол алаңы жоқ. Балалар тастақ жерде ойнауға мәжбүр.

Уәлихан Қуаныш, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Мен лагерь не екенін білмеймін. Барып ішін көрген жоқпын дұрыстап. Балдармен де ойнаған жоқпын ол жақта. Мектепте 6 жыл болды мені аламын деп еді апайым бірақ мен сабағымды дұрыс оқымағаным үшін алмады мені.

Жұмабай Құсайынұлы немерелерін өзі бағады. Зейнеткер балаларға арнап ойын алаңын салдыртқан. Қазір мұнда бір көшенің 50 баласы ойнайды. Ал лагерь қолжетімді емес,-дейді ақсақал. Басқа ата-аналар да тегін жолдаманың кез-келгенге берілмейтінін айтады.

Жұмабай Құсайынұлы, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Бірінші, төртінші, сегізінші сыныпта оқитын немерелерім бар. Лагерьге барып көрген жоқ біздерде. Үкімет тарапынан, мысалы, көп балалы аналарға деп айтып жатқан, мектеп тарапынан не болмаса басқа ұйым тарапынан жазғы лагерьге барады дегенді әлі естіген де жоқпыз.

Айнұр Көшімова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Енді жаз бойы балаларымыз үйде болады. Үйден ешқайда шыға алмайды. Бір жерге барайын десе, жіберейін десең, оған қорқасың. Лагерь болса, кішкене болса да, 15 күн болса да, қандайда бір көмек болар еді ғой.

Білім басқармасының мәліметінше облыста 1 мен 10 сыныптарда 144 мыңнан астам оқушы бар. Оларды сауықтыру екі бағытта жүргізіледі. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай жазғы сауықтыру лагерімен, қоғамдық жұмыстар, экскурсия, үйірмелермен қамтылады.

Айжақсы Тұржанова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Лагерьлерде 8 мыңның үстінде бала қамтылады. Мектептеріндегі үйірмелер, сол жердегі аула клубтары, сол жердегі шығармашылық орталықтардың барлығында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Міне, сондықтан біздер барлық баламызды толықтай қамти аламыз.

90 мыңдай бала ата-анасымен бірге саяхаттайды. Ал 8 мыңнан астам оқушы өндірістік мекемелердің жолдамасымен өзге өңірлердегі лагерьлерге аттанбақ. Сондай-ақ патриоттық лагерьлер, кәсіптік бағдар беретін үйірмелер өткізіледі. Ал ауыл балалары үшін биыл алғаш рет «Жаздық жолдама» жобасы аясында лагерь ұйымдастырылады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Биыл мектептер жанынан ашылатын лагерьлер саны артқан. Өткен жылы 86 болса, осы жазда 96 мектепте сауықтыру лагері ашылады. Оның басым бөлігі ауыл балалары үшін жұмыс істейді. Бірінші кезекте әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балалары қабылданады. Осылайша 18 мыңға жуық бала қамтылмақ.

Жазда қараусыз қалған бала балалығын жасайтыны белгілі. Былтыр осындай бірнеше оқиға тіркелді. Оның бірінде ойын баласы көп қабатты үйдің шатырында қуысып ойнап, жұртты шошытты. Айта кететін жәйт, өткен жазда бір жеткіншек суға кетіп мерт болды. Айтпақшы, биыл тек ауыл балалары үшін жаздық жолдама жобасы аясында лагерьлер ашылмақ. 11 жасар Уәлихан осы жобаға ілігіп, алғаш рет жазғы лагерьге баруды армандайды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу