Маңғыстауда кәсіпкерлер балық шаруашылығына бет бұрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда кәсіпкерлер балық шаруашылығына бет бұрды

02.06.2023

Маңғыстауда балық шаруашылығы қанат жайып келеді. Аймақта кәсібін дөңгелеткен 3 кәсіпорын бар. Биыл олардың қатары тағы 5 кәсіпкерлік нысанмен толыға түспек. Өткен жылы өңірде 45 тоннаға жуық балық өсірілсе, биылғы меже 73 тоннаны құрап отыр.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Талғат Сүлейменов егін және мал шаруашылығына қоса, биыл балық өсіруді қолға алды. Ол үшін Шардара көлінен 6,5 мың шабақ әкелген. Оны салмағы 1,5 келіге жеткенше дейін бассейнде бағуды көздейді. Алдағы уақытта тағы 20 мыңның астам шабақ жеткізілмек. Кәсіпкер бау-бақшасын демалыс орына айналдырып, келушілерге балық аулап, одан дәм татуға жағдай жасауды көздейді.

Талғат Сүлейменов, шаруа қожалығының иесі:

Шығындардың бәлен пайызын өтейтін жолдары бар. 50 процентке дейін өтейтін жолдары бар. Жемдері, балықтың өзінің баға құндарының несін өтейді. Сондай жеңілдіктер қарастырылған заң жүзінде. Құжаттар біткен соң алатын боламыз. Оның өзі қаншама көмек мысалы қарап отырсаң.

Ал Түпқараған ауданындағы балық зауыты бұдан 8 жыл бұрын іске қосылды. Бүгінде бекіре тұқымдас балықтың 6 түрін өсіріп, жылына 30 тонна өнім алуда. Кәсіпорында шет елден транзитпен жем алдыру қиындық туғызуда. Өйткені елде бекіреге арналған азық өндірілмейді.

Азамат Жақып, Балық зауыты директорының орынбасары:

1 га жерді қолданып отырмыз. Артық әлі 3 га жер бар соған қосымша 3 цех салып, шаруашылық ашу. Яғни, ашық кеңістіктегі бассейн. Ол шабақ кезінен тауарлы массаға тез жетуге көмектеседі.

Балық шаруашылығымен айналысқан кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көп. Жемге жұмсалған шығынның 30 пайызы ал, шабақ алуға кеткен қаржының 50 пайызы өтеледі. Сондай-ақ дәрі-дәрмекке шығын шықса, оның 50 пайызы субсидияланады. Сондықтан биыл аймақта 5 бірдей кәсіпкер осы салаға бет бұрды. Олар жер телімдерін алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Арман Молдашев, Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Осындай қолдауды қазіргі таңда мына жасап отырған кәсіпорындап көріп отыр. Оны айта кететінім себебі, 2022-жылы 10 млн 500 мың жергілікті бюджеттен ақша бөлінсе, осының 91 пайызы игерілді. Ал биылға біз 20 млн 500 мың теңге осы субсидиялауға қаражат бөліп отырмыз.

Елімізде 2030-жылға дейін балық шаруашылығын дамытуға арналған арнайы бағдарлама бар. Соның аясында 270 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Соның 100 мың тоннасы Маңғыстаудың еншісінде.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу