Талдықорғанда 4 білім беру мекемесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның екеуі мектеп, екеуі балабақша. Іргетасы 1948 жылы қаланған №1-ші бөбекжайдың жағдайы мүлдем нашар. Бөлек-бөлек орналасқан бірнеше ғимараттың едендері шіріп, су және кәріз жүйесінің құбырлары әбден тозған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл екі топты жабуға тура келді. Себебі бұл бөлмелердің төбесі ортасына түсуі әбден мүмкін. Меңгерушінің айтуынша, қыста да жылуы мардымсыз. Бір қызығы балабақшаның күрделі жөнделуіне жобалық сметалық құжаттар 2019 жылдан бері дайын. Тиісті сараптамадан да өткен. Бірақ белгісіз себептермен қаржы бөлінбей келеді. 4 жыл бұрын жөндеу жұмыстарына 500 млн теңгеге жуық қаражат қажет болған. Енді жергілікті билікке шығындарды қайта есептеуге тура келеді.
Жасұлан Қанағатов, қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлегеннен бері біраз уақыт өтті. енді қазір осы жылы қаражатты бөлмейтін болса, онда міндетті түрде сметалық құжатты қайта есептеуге тура келеді. Есептеп барып қазіргі нарықтағы бағаны ескере отырып, қажет болатын болса сараптамадан қайта өтіп, одан кейін барып, бюджеттен ақша сұрайтын боламыз.
Қуаныш Қанатұлы