55 электр станциясының жағдайы зерттелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

55 электр станциясының жағдайы зерттелді

30.05.2023

Риддер мен Екібастұз қалаларындағы жылу электр станцияларын жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржы, жергілікті тұрғындардан өндірілмейді. Энергетика министрлігі Риддердегі қазандықты қалпына келтіру толықтай мемлекет бюджетінен жүргізілетінін айтты. Ал Екібастұздағы станцияны жөндеуге кеткен шығынды мемлекет пен жекеменшік иесі тең бөліп алатын болды. Елдегі жылу электр станцияларына ауқымды техникалық аудит жүргізілді. Қазан айынан бері 55 орталық зерттелген. Оның оны 100 пайыз тозған. 17-сі толық қуатында жұмыс істеп тұр. Өзгесінің жағдайы орта деңгейде.

Сандеп Кохли, Бүкіләлемдік банктің энергетика бойынша аға маманы:

Зерттеу кезінде үш мәселені анықтадық. Алғашқысы Қазақстанда бұл салаға соңғы жылдары тиісті деңгейде қаржы бөлінбеген. Екіншісі модернизация кезінде ескіні жөндеп қана қоймай жаңа тәсілдер арқылы қуатын арттыруға тырысу керек. Соңғысы заманауи, ауқымды жобаларды қолға алып, іске асыру үшін инвесторларды көбірек тарту қажет.

Станциялар үш санатқа бөлінді. Шұғыл жөндеуді қажет ететіндер. Орта деңгейдегілер және ұзақ мерзімді жобалар. Дегенмен болашақта апаттардың алдын алу үшін барлығына ортақ ереже әзірлеу қажет.

Тимур Сыздықов, KPMG Қазақстандағы серіктесі:

Ол ережеде қосалқы бөлшектерді күтіп ұстау, артық отын қорын қалыптастыру мәселелері, апаттық жағдайда өрт сөндіру жүйесінің жұмысы, қосалқы қазандықтарды іске қосу сияқты жұмыстар нақты көрсетілуі керек.

Саладағы қазіргі жағдайды ескере отырып, электр энергиясын орталықтандырылған тәртіпте сатып алу және сату тетігі енгізілмек. Және электр энергиясының шекті бағасы да қымбаттайды.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Көмірдің қымбаттауы, гшаз мәселесінің қымбаттауына яғни бұл уақыттың талабы. Тарифтердің біз жоғарылатылған тарифпен бекітіп отырмыз. Бірінші маусымнан бастап шамамен орта есеппен 24 пайызға өседі.

Бағаның өсуі саладағы компаниялардың жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді дейді Жандос Нұрмағанбетов. Ал нақты қай өңірде қандай тариф бекітілетіні әзірге белгісіз.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу