Қызылорда облысында 120 тоннадан астам көкөніс жарамсыз болып қалды. Қап-қап картоп, пияз, қырықабатты қала сыртындағы қоқысқа төккен азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорының басшысы қызметінен қуылды.
Әлеуметтік желіге тараған бейнежазба көптің наразылығын тудырды. Былтыр күзде «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 1500 тонна көкөніс сатып алып, арнайы қоймада сақтаған. Бірақ 10 миллион теңгенің азығы әлеуметтік дүкендерге жетпей бұзылып, ысырап болды.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Таппай жүр ғой соны кейбір кісілер. Қиналып жүр. Сіздер оны бүлдіріп апарып, оны полигонға тастайсыздар. Сіз де өкінішке қарай, сенімімізді ақтамадыңыз сондықтан қызметтен босайсыз.
Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына жауапты облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев та қатаң сөгіс алды. Өкінішке қарай, бұл ысырапшылдық жылда қайталанып отыр. Былтыр көкөністің 30 пайызы шіріп кеткен. Басты себеп, қоймадағы желдеткіштердің көбі істен шыққан. Аймақ басшысы көкөніс сақтау қоймасын қалыпқа келтіруді тапсырды.
Әділбек Серікұлы