Астанада V Республикалық имамдар форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада V Республикалық имамдар форумы өтті

29.05.2023

«Имам – ізгі қоғам жаршысы». Бүгін Астанада осындай атаумен исламды дәріптеген дін қызметкерлерінің V республикалық форумы өтті. Жиында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы маңызды бірнеше құжат қабылдады.

Форумға елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса имам келді. Асыл дінді, тура жолды дәріптеуде қатардағы дін қызметкерлерінің үлесі үлкен. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты да сол. Қоғамда имамдардың рухани тұлғасын қалыптастыру.

Жиынға Мемлекетттік кеңесші Ерлан Қарин қатысып, Президенттің құттықтауын оқыды. Мемлекет басшысы салт-дәстүрмен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды екенін атап өткен.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету - ең жауапты әрі сауапты іс» деген болатын. Бұл тұрғыда алғанда дін қызметкерлері де үлкен жауапты қызмет атқарып отыр дей аламыз. Өз кезегінде мемлекет те еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтауға барынша күш салады. Соңғы жылдары қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты халықтың ынтымақ-бірлігін арттыруға бағытталған.

Форум аясында бірнеше құжат қабылданды. Имамның жамағатпен бірге өткізетін намаздың тәртіп-ережесі бекітілді. Бұл діндегі бірізділік үшін аса қажет. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді насихаттау жұмысы да кеңінен қолға алынбақ.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

Жалпы қазақ ұлтының құндылықтарын сақтау және оны кеңінен насихаттауды біз қолға алып жатырмыз. Бұл біздің тіліміз, жалпы салт-дәстүріміз, оның барлығы қолдан келгенше имамдарымызбен бірге жамағатқа насихатталатын болады.

Діни басқарманың мәліметінше, былтыр имамдар 10 мыңға жуық отбасын ажырасудан сақтап қалды. Қазір мешіттердің жанында отбасылық кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Жиында осы бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу