Елімізде шетелдегі жетекші университеттердің филиалдары ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шетелдегі жетекші университеттердің филиалдары ашылады

29.05.2023

Білім, ғылым саласына қолдау артады. Елімізде шетелдегі жетекші университеттердің филиалдары ашылады. Бірқатары жұмысын бастап та кетті. Солардың бірі - Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті. АҚШ-тың атақты Аризона оқу орнымен келісімге келген. Түлектер халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша қос диплом алып шығады. Мұнда нарыққа қажет биотехнология, ақпараттану, азық-түлікті қамсыздандыру, педагогика, медицина мамандары даярланады. Жуырда оқу-зертхана корпусы іске қосылды. Онда ғылыми зерттеулер жүргізуге жағдай жасалған. Мемлекет басшысы оқу орнына барып, лабораторияларды аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білім деген өте маңызды мәселе. Сондықтан әрқашан да біздің еліміз озық болуы керек. Білім деңгейі жоғары болуы керек. Сондықтан бұл салаға мен аса мән беріп отырмын әрқашан да.

Президент Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратына да барды. Өнер ордасы бұдан бұрын «Энергетиктер сарайын» паналап келген еді. Театрда Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен жолыққан Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту керектігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мағжан Жұмабаевтың тарихымыздағы орны ерекше. Сондықтан үлкен той жасамай, айқай шу жасамай, интеллектуалдық деңгейде өткізу керек.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу