Қазақстанда көп талқыланып жүрген тағы бір заң жобасы: Масс-медиа туралы. Осы айдың басында халықаралық «Reporters Without Borders», яғни, «Шекарасыз тілшілер» ұйымы дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексін жариялады. Бұл штаб-пәтері Парижде орналасқан, 1985 жылы құрылған үкіметтік емес ұйым.
Тізімде Қазақстан 134-орынға тұрақтапты. Ал былтыр 122-ші болған. Бір жылда 12 саты төмендеген. Ұйым «Қазақстанда сөз еркіндігі нашарлап, интернетті бақылау күшейді»,-деп мәлімдепті.
Шынында, интернетті бақылау мәселесі көптен талқыланып жүр. Оны ұсынушылар мақсат сөз бостандығын шектеу емес, қауіпсіздік дегенді айтады. Жақында мәжіліс депутаты Анас Баққожаев блогерлікті заңдастыру бойынша сауал жолдады. Ол: «Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, бопсалап ақша табатын, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржы пирамидасының жандануына да себеп болды. Оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бас қатырмайды. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет»,-деді. Депутат кейбір блогер тапсырыспен пост жазып, оны өз пікірі сияқты көрсетеді. Табыс тапса да, салық төлемейді, бұл әділетсіз,-деп айтты.
Осыдан кейін қоғам тағы қақ жарылды. Бірі қолдаса, бірі қарсы. Ал кейбір белсенділер соңғы бір жыл бойы талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасындағы олқылықтарды еске алды. Кей журналистердің пікірінше, бұл заң қабылданса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-ты толық бақылауға алмақ. Яғни, заң жобасында масс-медиа саласына мемлекеттік реттеу қарастырылған. Бұл бақылауды министрлік жүргізіп, ақпарат құралдарына лицензия береді. Одан бөлек, медиаресурстарға профилактикалық мониторинг жасайды.
Сөз бостандығы шектеліп, халықтың ақпарат алу құқығы бұзылмас үшін мұндайға жол бермеу керек,-дейді белсенділер. Ал, осы аптада мәжіліс «интернет-жарнама және онлайн платформалар» деп аталатын жаңа заң жобасын талқылауға кірісті. Оның аясында блогерлер жұмысын заңдастыру да қарастырылып жатыр. Бірақ, ол қалай реттеледі? Оны реттеу мүмкін бе? «Масс-медиа туралы» заң жобасына кей журналистер неге наразы?