Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

28.05.2023

Осы аптада Тоқаев трендте. Еуразиялық экономикалық форумда Одақ аясындағы интеграция бойынша айтқан ойының астарын ашып жатқандар аз емес. Былтыр Петербургта өткен экономикалық форумда Қазақстан Президенті ЛНР мен ДНР-ды мойындамайтынын меңзегенде де біраз талқыланып еді. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың посткеңестік елдердің түрлі алаңында ара-тұра дипломатиялық қағытпа жасайтыны бар! Мәселен Беларусь президенті Лукашенкоға қаратып айтқаны аз емес. Былтыр ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде Лукашенко Тоқаевтың төрағалығына мін таққысы келді ме, «бас хатшының тағайындалғанын жарияламағаны» туралы ескерту жасаған еді. Сол кезде Қазақстан президенті «Төрағаны сынау сүйікті ісіңізге айналған ба?» дей келе, бас хатшының қызметі жайлы айтып береді. Сөзін Лукашенкоға қаратып: «Қалағаныңыз осы ма?» - деп түйіндейді.

Бұл жолы Мәскеуде Лукашенко не қалады екен? Қызығы, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Беларусьтің ерекше интеграциясына тоқталып, «екі елдің ядролық қаруына дейін ортақ» деп айтқанына «батька» жымиып жіберді. Кейін Путинге қолын созып, сөз алмасты. «Біз біргеміз» деген ишара ма екен?! Қазақстан президентінің меңзегені де сол: Одақ екіге бөлінгендей. Бір жағында: бірігіп алған Ресей мен Беларусь. Екінші жағында: Қазақстан, Қырғызстан мен Армения. Одақ интеграцияның қай жолын таңдайды? Күн тәртібіндегі маңызды сауал. Сұрақты қоя келе, Тоқаев Қазақстанның позициясын да нақтылады. «Тек қана экономикалық сипатқа ие», - деді. Артынша Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай фейсбукте форумда жасалған мәлімдемеге тоқталып, «Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ», - деп қорытындылайды.

Бұл бір жағынан, батысқа жолданған месседж сияқты. Екінші жағынан, ішкі саясатта да бұл түсініктеменің маңызы бар. 9 мамырда Мәскеудегі парадқа Тоқаевтың да қатысқанын түрліше тәпсірлегендер болды... Бұл жолғы Ресейге сапардың мәні неде?

Президент өткен аптадағы Қытай сапарынан кейін Ресейге барды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен экономикалық форумға қатысу үшін. Сонда сөйлеген сөзінде де Қытайға барғанын айтты. Одақ шығыстағы осы елмен тиімді қарым-қатынас жасауы керек деді. Себебі «Қытай – ең ірі жүк жөнелтуші әрі ең үлкен тұтынушы нарық».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қытайға мемлекеттік сапарым аясында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығының іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнер пойыздарын жөнелтетін негізгі хабқа айналады. Бақты – Аягөз учаскесінде теміржол байланысын іске қосып, шекара өткелін салу да жоспарланып отыр. Бұл жоба тек Қазақстаннан ғана емес, Ресейдің Батыс Сібір аймағынан да Қытайға тауар жеткізуді жеделдетеді.

Кейінгі 1,5 жылда геосаясаттағы өзгерістерді айтпау мүмкін емес сияқты болып кетті. Мемлекет басшысы осы орайда Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор екеніне тағы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылдың оқиғалары «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін «жаңа жаһандық логистиканың» басты элементі ретінде дамыту қажет екенін тағы да анық байқатты. Аталған меридианды дәліз Транскаспий халықаралық көлік бағытының ендігімен сәйкес келеді. Сондықтан екі бағытты да үйлесімді әрі жүйелі түрде дамытса, бірін-бірі толықтыра түсетінін көріп отырмыз.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Диферсификация болуы керек. Қазір Ресей арқылы Батысқа шығуға бір қиындықтар бар. Қазір Солтүстіктен Оңтүстікке жаңа бағыттар ашылып жатыр. Түрікменстан арқылы Болашақ станциясына жаңа т/ж салынды. Жаңа Құрық деген порт ашылып жатыр. Жаңа жол салынып жатыр, Дарбаза-Мақтаарал.

Бұл мәселе Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында да көтерілді. Президент бұл Одақ Еуропа мен Азияны, жаһанның Оңтүстігі мен Солтүстігін байланыстырушы торапқа айналатынына сенетінін айтты. Ал Қазақстан Одақтың логистикалық хабы бола алады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нақты бастама ретінде біз ұзақтығы 2800 шақырым болатын Челябинск – Болашақ – Иран темір жол магистраліне жүрдек жүк пойыздарын шығаруды ұсынамыз. Біз өзіміздің Бейнеу – Маңғыстау темір жол желісіндегі және Бейнеу – Шалқар автомобиль жолындағы талапқа сай келмейтін учаскелерді қайта салуға әзірміз.

Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі, бұрын Қазақстан Үкіметінде көп жыл бойы экономикалық блокта қызмет атқарған Бақыт Сұлтанов Одақ үшінші елдермен тиімді байланыс орната бастағанын айтты. Қазір Біріккен Араб әмірліктері және Индонезиямен «еркін сауда аймағы» жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Жоспарда тағы бірнеше серіктес ел бар.

Бақыт Сұлтанов, ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі:

Еуразиялық өңір халықаралық саудадан түсіп қала алмайды. Дегенмен сыртқы экономика өгеріп жатыр. Дәліздер, транзит, көлік жүйесі де өзгеріп келе жатыр. Сондықтан соның барлығына басқаша қарап, бұдан мүмкіншіліктер табу керек. Мысалы, бүгінгі форумға Индонезиядан 100-ден астам қатысушы келіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестермен ынтымақтастық орнатқанда форматтарды араластырудан аулақ болуға шақырды. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одағына мүше Беларусь пен Ресей екеуара тағы да одақтасып алғанын «шетін мәселе» деп сипаттады. Бұл идеологиялық тұрғыдан екі елдің «бір халық, бір мемлекет» екенін мойындағаны деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік саясат тарихында ерекше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парламенті бар «екі ел, бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір ядролық қару да екеуіне ортақ. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения қатысқан интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықпен санасуымыз керек.

Президент Одаққа бірігу деген «мүше мемлекеттердің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың бір құралы» ғана деді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар мен келісімдердің санымен емес, жаңа өндірістер, технологиялар және жаңа жұмыс орындарымен өлшенетінін айтты. Әрі Қазақстан үшін Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграция 2015 жылғы шартта жазылғандай тек қана экономикалық сипатқа ие деп, позициямызды нақтылай түскендей.

Ал сол шартта «төрт еркіндік» дейтін қағидат бар. Яғни ортақ нарықтағы жұмыс күші, тауар, қызмет пен капитал емін-еркін айналымда болуы керек. Бұл қағида көбіне сақтала бермейтінін сарапшылар жиі айтады. Тіпті белгілі бір елдің ғана пайдаға кенелуіне басымдық беріледі деген сын бар

Бақытжан Сағынтаев, ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі:

Бүгінге дейін 62 барьер алынып тасталды, қазір 15-і қаралып жатыр. Бірақ енді әртүрлі жағдайға байланысты әр жерде, әр мемлекетте бір барьерлер бар. Оның кейбіреуі одақ басталмай тұрған кезде, кірген кезде қалыптасқан, әлі шешілмей жатқан жағдайлар бар. Болашақта бұл кедергілердің бәрі алынып тасталуы қажет.

Николай Кульбака, экономист:

Бұл кедергілер ірі бизнес үшін мәселе тудырмауы мүмкін. Себебі ол әкімшілік, заңдық және лоббистік ресурстарын пайдалана отырып, кедергілерді жеңе алады. Ал орта және шағын бизнестің ондай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан оларға мемлекеттер көмектесуі керек.

Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында «Қазақстан географиялық орналасуына қарай еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы бола алатынын» айтты .

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл электромобиль, магистральді локомотив, вагон, ауыл шаруашылығына арналған және жеңіл техника құрастыратын, құрылыс материалдары мен химиялық бұйымдар өндіретін бірлескен кәсіпорындар болуы мүмкін. Сондай-ақ біз қара және түсті металдар кен орнын игеріп, оны одан әрі өңдейтін және дайын өнімдер шығаратын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзірміз.

Кеңестің бұл жолғы отырысына бақылаушы мемлекет саналатын Өзбекстан басшысымен қатар, Әзербайжан мен Тәжікстан президенттері қатысты. Ресей басшысы Владимир Путин оларды Одаққа мүше болып кіруге үндеді. Түбі бәрібір шешім қабылдауға тура келеді деп ашық айтты...

Данияр Қайыртай, тілші:

Ендігі жылы Одақтың құрылғанына 10 жыл толуына орай мерейтойлық саммит өтеді. Мемлекет басшысы сол жиында еуразиялық интеграцияның алғашқы кезеңін қорытындылауды ұсынды. Әрі одақтың даму келешегіне қатысты ұсыныстар әзірлеу керек деді.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу