Еліміздің оңтүстігіндегі диқандар су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Осыған байланысты Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында мәселеге министрліктің назарын аударды. Айтуынша, халықаралық шарттарға сәйкес елімізге секундына 40 текше метр су келуі керек. Алайда бүгінде ол көрсеткіш шамамен 25 текше метрге дейін төмендеп кеткен. Салдарынан шаруалар шығынға ұшырап, жоспарлаған өнімін ала алмай келеді. Бұл проблема аймақтардағы шаруалардың наразылығын тудырып отыр деген Сенат Төрағасы жауапты мемлекеттік мекемелерді мәселені тездетіп шешуге шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бюрократиялық жолмен осы күрішті азайту керек, басқасын салыңдар деп бұйрықпен шешілетін нәрсе емес. Мұны ақылмен, ойланып, ғалымдармен ақылдасып, керек болса қосымша көмек беріп, жердің сапасын көтеруге көмектесіп, бір жағынан технологияларды алып кеп шешу керек. Мүмкін күріштің өзін де жаңа теххнологиялардың көмегімен өсіруге болатын шығар.
Серік Селеубай