Президент Жоғары ЕАЭК жиынына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жоғары ЕАЭК жиынына қатысты

26.05.2023

«Қазақстан еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы болуға дайын». Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында Президент Қасым Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиын қорытындысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.

Халықаралық қаржы институттары геосаяси қиындықтарға байланысты әлемдік экономиканың өсуі биыл екі есе төмендейді деп болжаған. «Бірақ Еуразия экономикалық одағы аясындағы ынтымақтастық сыртқы қысымға қарамастан қарқынды дамып келеді», - деді Президент. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Қ.Тоқаев Одақтың әлеуетін әлі де аша түсуге басымдық беру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жерде ең алдымен, төрт еркіндіктің біріншісі – тауар қозғалысының еркіндігін толық жүзеге асыру туралы сөз болып отыр. Шын мәнінде, кедергісіз бірыңғай нарық қалыптастыру және үшінші елдерге тауарлардың кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ету маңызды. Бұл – үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының негізгі бағыты болуға тиіс.

Одаққа мүше мемлекеттердің тауарын үшінші елдердің нарығына шығаруға бірлесіп күш салу керек. Бұл – еуразиялық «бестіктің» ортақ экономикалық мүддесі. «Сондықтан уақыт оздырмай Араб әмірліктерімен, Үндістанмен, Мысырмен, Индонезиямен және Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісімге келу қажет», - деді Мемлекет басшысы. Әрі географиялық орналасуына қарай, Қазақстан еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы бола алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл электромобиль, магистральді локомотив, вагон, ауыл шаруашылығына арналған және жеңіл техника құрастыратын, құрылыс материалдары мен химиялық бұйымдар өндіретін бірлескен кәсіпорындар болуы мүмкін. Сондай-ақ біз қара және түсті металдар кен орнын игеріп, оны одан әрі өңдейтін және дайын өнімдер шығаратын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзірміз.

Мемлекет басшысы тауар транзитінің цифрлық жүйесін жасаудың маңыздылығына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Электронды пломб, жедел ақпарат алмасатын кепілдік жүйесін қолдану, сондай-ақ «Е-терезе» жүйесін дамыту мәселелерін шешкен жөн. Бұл шаралар тауар тасымалын жеделдетіп, жеткізу тізбегін оңтайландыратын ортақ цифрлық мультимодальді дәліз құруға мүмкіндік береді.

«Экономикалық интеграция елдердің игілігі үшін жүйелі түрде жасалуы маңызды. Өйткені ол – экономиканы өсіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартатын негізгі құрал», - деді Қ.Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Интеграциялық іс-әрекеттердің сәтті не сәтсіз болуы бизнес пен азаматтардың тіршілігінен білінеді. Яғни олар Одақ жұмысының нәтижесінде өмір сүру деңгейі жақсарғанын сезінуге тиіс. Сонда ғана олар биліктің алдағы интеграциялық қадамдарына сеніммен қарайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ендігі жылы Одақтың құрылғанына 10 жыл толуына орай мерейтойлық саммит өтеді. Мемлекет басшысы сол жиында еуразиялық интеграцияның алғашқы кезеңін қорытындылауды ұсынды.» Әрі одақтың даму келешегіне қатысты ұсыныстар әзірлеу керек», - деді.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу