Биыл алғаш рет 25 мамыр күні еліміздегі мектептерде соңғы қоңырау болмады. 3 млн 700 мың-нан астам оқушы, оқу жылын 1 маусым күні аяқтайды. Жаңа өзгеріске ата-аналар да, ұстаздар да үйренісе алмай жатыр. 25 мамырға қайта ораламыз ба? Жазғы демалысқа лагерлердің дайындығы қалай? Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Жылда соңғы қоңырау соғылып, оқушылар мен мұғалімдер мәре-сәре болып жататын бұл күн енді жай күндердің біріне айналды. Балалар 25 мамырда да сабақ оқып, мектеппен 1 маусымда бір ақ қоштасады.
Алайда жаңа өзгеріске білім ошақтары да үйренісе алмай жүрген секілді. Кей мектепте бұрынғыдай у-шу байқалмайды. Сабаққа асыққан оқушы да аз. Ата-ананың кейбірі баласын қазірден демалысқа алып кеткен. Оқу-ағарту министрі болса, оқулықтарды мерзімінен бұрын жинап алған мұғалімдер мен мектеп директорлары жазаланатынын ескертті. Қазір ел бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Мектеп мемлекеттік стандартты орындауға міндетті. Оны орындамай жатса, түсіндіреміз. Анықтаймыз. Бұл мәселені белгілі бір дәрежеге келтіреміз ғой деп ойлаймын.
Министр оқу жылының ұзартылуын бес күндік оқуға көшумен байланыстырды. Мұндай өтініш демалыс күндерін балаларымен өткізгісі келген ата-аналардан көптеп түскен екен. Әрі бұл әлем елдерінен алынған тәжірибе. Қазақстандық оқушылар жылда 90 күн демалса, өзге елдерде жазғы каникул 77 күнге есептелген. Министр 25 мамырды қайтаруды сұрап жүргендерге де жауап берді.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Енді оны қалпына келтіру мәселесі басқа да өзгерістерге алып келеді. Яғни алты күндік оқу жоспарына немесе пәндегі оқу сағаттарының қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұл жай ғана қайтара салатын дүние емес.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жағы да көңіл көншітпей тұр. Премьер-министр Әлихан Смайылов, әсіресе, өңір әкімдері ауыл балаларын назардан тыс қалдырып жатыр дейді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады. Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді.
Ал соңғы қоңырауды қалай атап өтетінін әр өңір өзі шешеді. Алайда салтанатты жиын мейрамханада емес, тек мектеп қабырғасында өтуі тиіс. Дүркіретіп тойлауға, қаражат жинауға рұқсат жоқ. Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық беруге де тыйым салынған.
Айя Мүтәлі