Жамбыл облысында баспанамен қамту артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында баспанамен қамту артып келеді

25.05.2023

Жамбыл облысында халықты баспанамен қамту жұмыстары ширап келеді. 74 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, 45-і биыл тапсырылады. Бұл – 4 мыңға жуық пәтер. Бұл туралы арнайы брифингте облыс әкімі айтты. Жастарды қолдау үшін «Әулие ата жастары» атты бағдарлама қабылданған. Оның аясында биыл 140 жас баспаналы болады. Халық «Асар» жобасының да игілігін көріп отыр. 338 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 105 шаңырақ қоныс тойын тойламақ. Мұқтаж отбасыларды ауылдық округтердегі қауымдастықтар іріктейді. Баспаналы болғандарға азын-аулақ мал беріліп, шаруа қожалықтары да қолдау көрсетіп келеді.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

Кәсіпкерлерге демеушілік ретінде ұсыныс жасаймыз. Үлесіңізді қосыңыздар. Мысалы сол елдімекенде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үлес қосыңыз. Бірде бір кәсіпкер одан бас тартпайды. Біздің өзіміздің жастар орталығы бар. Сол жастарды ұйымдастрып, жастар бригада құрып алған.

60 инвестициялық жоба жүзеге асады

Жайылым мәселесі де өзекті. Оны шешу 5 бағыт бойынша жүзеге асуда. Игерілмеген 380 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Ауылдарда интернет проблемасы да біртіндеп шешіліп келеді. 170 елдімекен ғаламтордың игілігін көріп отыр. 2025 жылдың соңына дейін барлық ауылдар 4G интернетпен 100 пайыз қамтылмақ. Моноқалалар Жаңатас пен Қаратауды дамыту да қолға алынады. 3 ауданда орталық аурухана құрылысының, тағы 3 ауданда көпбейінді аурухананы қайта жаңғыртудың құжаттары әзірленіп жатыр. Жалпы 2025 жылға дейін 60 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан өзге құс шаруашылығын дамытуға көңіл бөлініп келеді.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі:

24-жылы Жамбыл ауданында жылына 70 мың тонна құс етін өңдейтін зауыт салынады. Сонда бізде өзіміздің облыста балапан да өзімізде болады, жем де өзімізден болады. Басқа өңірлерге, шет мемлекеттерге құс еті экспортталады.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу