Президент ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты

25.05.2023

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатқа ие». Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында осылай деді. Сұрақ-жауап форматында өткен жиын «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» тақырыбын арқау еткен.

«Жаһандық тауар ағыны жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан аймақта жаңа бағдарлар ашу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл ретте тұтас құрлықты байланыстыруды көздейтін Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасын атап өтті. Әрі «Солтүстік-Оңтүстік» желісіндегі сауда қатынасына сұраныс артқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылдың оқиғалары «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін «жаңа жаһандық логистиканың» басты элементі ретінде дамыту қажет екенін тағы да анық байқатты. Аталған меридианды дәліз Транскаспий халықаралық көлік бағытының ендігімен сәйкес келеді. Сондықтан екі бағытты да үйлесімді әрі жүйелі түрде дамытса, бірін-бірі толықтыра түсетінін көріп отырмыз.

Президент инфрақұрылымды дамытудан бөлек, цифрландыру, кедендік әкімшілендіру ісін оңтайландыру және әкімшілік жүктемені азайтуға баса мән беру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір біз Еуразияда бұрын-соңды болмаған жаңа көлік құрылымын қалыптастырып жатырмыз. Бұл іске тыңғылықты әзірлікпен әрі жұмыла кіріссек біршама экономикалық және саяси пайдаға кенелеміз. Бізде толыққанды және конструктивті халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екендігі туралы ортақ түсінік бар деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау мәселесіне тоқталды. «Келешекті жоспарлағанда айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір тұрақты түрде туындайтын кедергілер мен шектеулер туралы көптеген деректі тізбелейтін уақыт емес. Мен бұл жағдайды шиеленістіруді жақтамаймын. Бірақ туындаған мәселелерді осында шешу керек. Қойылған мақсаттардың көбі әлі орындалған жоқ. Сондықтан ең алдымен Одақ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі міндеттерінің орындалуын соңына дейін жеткізуге баса мән беруіміз қажет.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар мен келісімдердің санымен емес, жаңа өндірістер, технологиялар және жаңа жұмыс орындарымен өлшенетінін айтты. Әрі Қазақстан үшін Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграция 2015 жылғы шартта жазылғандай тек қана экономикалық сипатқа ие деп позициямызды пысықтай түскендей.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу