Алматы облысында жаңа төселген жол тозып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жаңа төселген жол тозып кеткен

24.05.2023

Алматы облысында былтыр күзде ғана төселген тас жол жылға жетпей күл талқаны шықты. Республикалық маңызы бар бағыттағы күре жол бірнеше жылдан бері әбігерге салып келеді» дейді көлік жүргізушілері. Тіпті қауіпті аумақтарда ешбір ескерту белгі де жоқ. Әріптесім Қуан Нұрақын бұқараның базынасын жеткізеді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Көкпек-Кеген-Нарынқол бағытындағы мына жолды былтыр ғана төселген дегенге сену қиын. Айналасы 10 айдың ішінде беткі қабаты қақырап, тозып, тіпті, түк қалмаған. Әрбір жерде шашылған бөлшектерден беткі жамылғының қалыңдығын байқауға болады.

Жолай біз тілдескен көлік жүргізушілері ойдым-ойдым жолдың апатты жағдай туғызып отырғанына шағымданды. Әсіресе, жолдың асу арқылы жоғарыға көтерілер бағытында төсенді жоқ. Жүйіткіген көлік апатты жағдай туғызып, қарсы жолаққа өтеді. Түнде, тіпті қиын, дейді. Жөндеу жұмыстарын қадағалаушы жергілікті әкімдік жол сапасына сын айтып, «Қазавтожол» мекемесіне бірнеше рет хат жолдағандарын айтады.

Бек Әбдуманап, Кеген аудандық әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы:

Мердігер мекеменің тарапынан дұрыс жүргізілмей жатқанына байланысты, жұмыстар сапасыздау болуына байланысты. Кейбір учаскелерде асфальттың қалыңдығына, кейбір жерлер таяз төселген. Сол кезде айтылған.

Ұлттық компания өкілдері болса өздері шаң жуытпады. Олар жолдың бұлайша тозуына ауыр техникалар кінәлі деді. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы да топырақ тығыздығына әсер еткен. Десе де, мердігер компания өз қаражатынан бүлінген жолды қалпына келтіруге уәде етті.

Жасұлан Қалтаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

Қазіргі таңда 1500 шаршы метр ақау болған. Оның 900 шаршы метрі орындалды. Мердігер ұйыммен біз күнделікті сөйлесіп отырмыз. Ертең сол участокке барайын деп отырмыз. Ағымдағы жылдың 5-ші маусымына дейін ақауларды жоюды жоспарлап отырмыз.

Компания өкілі жақын күндері қауіпті аймаққа жол белгілерін қоятындарын да жеткізді. Еске салсам, осыдан екі жыл бұрын тұрғындар наразылығынан кейін бұл аумақта жөндеу жұмыстары басталған болатын. Алайда жамылғыны қырып тастаған мердігер компания ары қарай жалғастыруға құлық танытпаған. Ол мекемемен келісім шарт бұзылып, былтыр басқа компанияға берілген еді.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу