Акция бар, ақша жоқ! Ақбөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жүздеген акционері өздеріне тиесілі қаржыларын ала алмай отыр. Айтуларынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша төленуі тиіс дивиденттерін компания басшылығы негізсіз бермей келеді.
Яғни бұған дейін әр акцияға компанияның табысына қарай шамамен 5-7 мың теңге аралығында беріліп келсе, бұл жолы бар жоғы 75 теңгеден есептелінген. Бүгін шағымын айтып келген мекеменің бұрынғы қызметкерлерінде әр түрлі көлемде артықшылықты акция бар. Яғни кезінде жұмыс өтілдері мен лауазымдарына қарай бөлініп берілген.
Бауыржан Бекмағамбетов, акционер:
Мына халықтың әрқайсысының еңбегі бар сол пайдада. Кезінде осы жерде жұмыс істеп, денсаулығын жоғалтып, осы жерден зейнетке шықты. Сөйтіп осы дивидентке ауыз ашып отырған кезде, бұлар итке тастаған сүйекке ұқсатып 75 теңгеден бергісі келіп отыр. Оған халық наразы.
Белсенді топ мүшелерінің айтуынша, «артықшылықты» деген санаттағы 938 мың акция бар.Жиналғандар мекеме басшыларының шығып, жағдайды түсіндіруін талап етті. Алайда ол талаптары орындалмады. Акционерлер енді мәселені құқық қорғау органдары арқылы шешуге бел буып отыр.
Тимур Каюпов, компанияның заңгері:
Сіздердің дивидент туралы сұрақтарыңызға біздің атқарушы орган жауап бермейді. Оның үстіне компания басшылығы қазір орнында жоқ.
Жақсыбек Кемал