Ақмола облысының Заречный шағын ауданы өркениеттен қалыс қалған. Ауыз су тапшы, ал жол жоқтың қасы. Өркениеттен қалыс қалған мұндағы халық электр бағаналарын қолдан орнатып, желілерді үйлеріне өздері тартқан. Ал жергілікті билік мәселенің қашан шешілетінін дөп басып айта алмай отыр. Алтынбек Серікбаева Заречный шағын ауданына осыдан 17 жыл бұрын көшіп келген. Айтуынша, жер алып, үй сала бастағанда жергілікті билік коммуникацияны тартып береміз деп уәде еткен. Алайда, әлі күнге дейін өзгеріс жоқ дейді ол.
Алтынбек Серікбаева, тұрғын:
Не суы жоқ, не жарығы жоқ. Өзімнің күшімен тарттым жердің астынан. Қазып, трактор жалдап. Оның күші жетпейді.
Өркениеттен қалыс қалған шағын ауданның тұрғындары сапалы ауыз су мен электр жарығын күтіп шаршаған. Әкімдік жер қазып, су құбырын жүргізіп қойғанымен одан бір тамшы су тамбайды.
Алма Жазитова, тұрғын:
Ішетін су жоқ үйде. Қалталылар құдықты бәлең мыңға қазып, тартқызды. Миллионға жақындайды. Оның сайманы бар, қазуы бар.
Ашынған жұрт қордаланған коммуналдық мәселе шешілмеген соң, қауіпті елемей, электр жарығын өз бетінше қосып алған көрінеді.
Жанабай Тартаев, тұрғын:
Өзіміз бес семья қосылып, он тоғыз столб сатып алып, соны Есілден әкелдік. Қаншама шақырымнан. Соны өзіміз қойдық. Кісілерді жалдап, техника жалдап. Бірнеше миллион кетті.
Жарық онсыз да әлсіз болғандықтан кешке, тіпті, сығырайып қалады дейді тұрғындар. Онымен қоймай, тоқ кернеуінің тұрақсыздығынан жұрттың талай тұрмыстық техникасы да жанып кеткен.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Тұрғындар мына электр бағаналарын өздері орнатқан. Бірі жарық желілерін жердің астымен өткізсе, қалғандары үстінен тартқан. Қазіргі уақытта мына сымдардың барлығы ашық-шашық күйде жатыр. Демек, тұрғындар үшін қауіпті.
Жергілікті билік мұндағы халыққа электр желісін тартып беруге қауқарымыз жетпейді деп отыр. Айтуларынша, оның жобалық-сметалық құжаттамасы толығымен дайын. Алайда, екі жүзден астам үйге жарық өткізіп беру үшін үкіметтен қаржы бөлінуі керек.
Ерлан Биданов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
Электр желілерін қаржыландыру туралы жоба министрлікке жіберілді. Ақша бөлінген соң, келесі жылы жұмыс басталады. Бір жылдың ішінде аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір олар үйлеріне жарықты өздері тартып алып отыр. Оған рұқсат берілді. Өйткені, Бурабай әкімдігінің бюджетінде Заречный шағын ауданындағы тұрғындарға жарық өткізіп беруге жететін қаражат жоқ.
Әкімдік ауыз су мәселесі көп күттірмей шешіледі деп сендірді. Өткен жылы салынған жаңа су құбырының желісі биыл іске қосылуы мүмкін. Дегенмен шағын ауданға әкелетін жалғыз жолға асфальт салынбайтын көрінеді. Оған қиыршық тас қана төселмек. Себебі елдімекенде адам саны аз,-дейді жергілікті билік.
Ұмсындық Наурызбаева