Ауыз сусыз отырған Астана мен Алматының кейбір тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. Қол жуа алмай қиналған халықтың күні арнайы көліктермен тасымалданатын суға қарап отыр. Ал көлік келгенде жұмыста болғандар ауыз суды құйып алуға үлгермей, қаңсып қалғандарын айтады. Астана мен Алматыдағы ауыз су мәселесі жайлы әріптестерім айтып беруге қазір дайын тұр.
Айя Мүтәлі, тілші:
Астанадағы кей көпқабатты тұрғын үйлер үшінші күн сусыз отыр. Қаланың қақ ортасында орналасқан бірнеше баспананың тұрғындарына тіршілік нәрін арнайы көлікпен таситын болған. Жұрт енді ыдыс-шелектерін көтеріп, көшеде су толтырып жүр.
Рүстем Ысқақов, Астана қаласының тұрғыны:
Күлкі ретінде бізге су таситын көлік әкеліп отыр ғой. Біз деген 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Мынандай мен тек қана ауылда көргем. Астананың қақ ортасында сусыз өмір сүру деген масқара.
Кенжебай Құлшыманов, Астана қаласының тұрғыны:
Азанғы 9 жарымнан бастап кеше түнгі 1 жарымға дейін су жоқ болды. Енді былай ойлап қараңдаршы кішкентай балалары бар ересек адамдар бар. Дәретхана сыртта жоқ. Бәрі іште.
Әуелде тек демалыс күндері арнайы кестемен беріледі деген су қазір екі күннің бірінде өшіріледі дейді тұрғындар. Онда да 1-2 сағатқа беймезгіл уақытта қосылады екен. Су толтырып үлгермегендер үйде әбден берекеміз кетті деп ашулы. Су жоқ үшінші күн. Алып алдық шелектерге толтырып. Кострюлдерге. Мынау толмай қалды. Толтырып алуды үлгермедік. Суды сатып аламыз. Алып алған су бітіп қалса, сатып алған сумен жуамыз қолымызды.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ал әкімдік пен Астана су арнасының жауабы біреу. Қаладағы су тапшылығы мәселесі үшінші су сорғы станциясы салынбай шешілмейді.
Айя Мүтәлі